Қырғызстанда мопед пен скутер жүргізушілеріне қатысты заң күшейтілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда жеңіл моторлы көлік құралдарын пайдалануды реттеу ұсынылып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Осыған байланысты тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.
Аталған жобада елде мопедтер, скутерлер және электр скутерлерді басқару үшін жүргізуші куәлігі мен тіркеу талаптары жоқ екені айтылған. Сонымен қатар, оларды жүргізуге рұқсат етілетін жас мөлшері де белгіленбеген, бұл өз кезегінде жол қозғалысына кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі төмен техниканы басқаруына алып келіп отыр.
Заң жобасына сәйкес, сағатына 50 км-ден жоғары жылдамдықпен қозғалатын, қозғалтқышының көлемі 50 текше см немесе электр қозғалтқышының қуаты 4 кВт-тан асатын көлік құралдарын міндетті түрде тіркеу ұсынылады.
Жеке қозғалуға арналған құралдарды (ЖҚҚ) — қуаты 4 кВт-қа дейін және жылдамдығы 50 км/сағ-қа дейін — басқару үшін 14 жастан бастап берілетін «АМ» санатындағы жүргізуші куәлігін енгізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, «А1» санаты 16 жастан, ал «А» санаты 18 жастан бастап берілетін болып қала береді.
Бастамашының пікірінше, заң жобасын қабылдау жеке қозғалуға арналған құралдармен байланысты жол-көлік оқиғаларын азайтуға, пайдалану барысындағы бақылау мен жауапкершілікті арттыруға, жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушыларды қорғауға, сондай-ақ заңнаманы қазіргі заман талаптары мен халықаралық стандарттарға бейімдеуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қырғызстан электрлі самокат пен скутерлерге арналған жол жүру ережесін әзірлегені айтылды.