Қырғызстанда мопедтер мен скутерлерді заңдастыру ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі тиісті құжаттары жоқ мопедтерді, скутерлер мен мотоциклдерді заңдастыруды ұсынып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Мопеды и скутеры предлагают легализовать в Кыргызстане
Фото: Kazinform

Президент жарлығының тиісті жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.

Бұл бастама мототехниканы міндетті тіркеу туралы заң қабылданғаннан кейін жүргізушілердің көлік құралдарын заңдастыруына мүмкіндік беретін уақытша жеңілдік ретінде қарастырылған.

Бұған дейін көптеген механикалық көлік құралы елге тауар ретінде әкелінген. Сол кезеңдегі заң талаптарының ерекшелігіне байланысты олардың бір бөлігі мемлекеттік тіркеуге қойылмаған.

Құжатқа сәйкес, Қырғызстанда нақты пайдаланылып жүрген, құжаттары жоқ әрі 2026 жылғы 8 қазанға дейін елге әкелінген мопедтер, мотоциклдер, өздігінен жүретін техникалық машиналар және техникалық сипаттамалары ұқсас басқа да көлік құралдары заңдастырылады.

Жарлық күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Министрлер кабинеті оларды бастапқы тіркеуден өткізу тәртібін бекітеді.

Сондай-ақ көлік құралдарын толық заңдастырып, барлық рәсімді реттеуге иелеріне төрт ай уақыт беріледі.

Растайтын құжат болмаған жағдайда, ресми күн ретінде автоматты түрде 2026 жылғы 7 қазан белгіленеді.

Заңдастыру науқаны кезінде «А1» кіші санаты бойынша жүргізушілерді даярлау мерзімі 30 күнтізбелік күнге дейін қысқартылып, автомектептерде оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылады.

Төрт ай өткен соң тіркеуден өтпеген көлік құралдары арнайы айыптұрақтарға қойылып, сот шешімімен кәдеге жаратылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстанда рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерді заңдастыру ұсынылған болатын.