Қырғызстанда ортаазиялық өзен кәмшаты табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан аумағында соңғы он жылда алғаш рет ортаазиялық өзен кәмшаты анықталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

р
Фото: wikipedia

Қырғызстанның Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанмен шекаралас аумақта ағып өтетін Тұрық өзенінде, «Хан-Тәңірі» мемлекеттік табиғи паркінің аумағында ортаазиялық өзен кәмшатының ересек дарасы бейнежазбаға түсірілген. Бұл – соңғы он жылдағы алғашқы тіркелген дерек.

– 2023-2025 жылдары Қызыл-Суу, Чатқал, Түп, Көкөмерен және Шу өзендерінде жүргізілген зерттеулер барысында кәмшаттың тіршілік белгілері анықталмаған. Бұл жағдай Қырғызстан аумағында аталған түрдің жойылып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызған. Алайда жаңа бейнежазба кәмшаттың Қазақстан аумағынан өтіп келуі мүмкін деген болжамды растап отыр, – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство Тұрық өзенінің арнасында қосымша зерттеулер жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұл кездескен кәмшаттың жеке миграциялық дара екенін немесе өңірде тұрақты популяция сақталғанын анықтауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін қар барысы ресми түрде Қырғызстанның символы болып танылғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар