Қырғызстанда президент сайлауы қашан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда президент және парламент депутаттарын сайлау күнін жексенбіден сәрсенбіге ауыстыру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Тиісті заң жобасын Жогорку Кенеш депутаттары мақұлдады.
Парламент спикері Марлен Маматалиев қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда, яғни қаңтардың соңғы сәрсенбісінде өтетінін мәлімдеді.
Жаңашылдықтың басты мақсаты – сайлаушылардың белсенділігін арттыру және кворумды жақсарту. Өйткені ірі қалаларда жексенбі күндері сайлауға қатысу деңгейі дәстүрлі түрде төмен болып келген.
Сонымен қатар дауыс беру күні ресми түрде демалыс күні болып жарияланады. Ұйымның меншік нысанына қарамастан барлық қызметкердің жалақысы толық сақталады және ол кәдімгі жұмыс күні ретінде төленеді.
Алайда сайлау күні үшін жалақы алу үшін қызметкердің дауыс беруге қатысуы міндетті шарт. Егер азамат дәлелді себепсіз сайлауға келмесе, жұмыс беруші бұл күн үшін төлем жасамайды және ол күн ақы төленбейтін демалыс күні болып есептеледі.
Бұған дейін Қырғызстандағы кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 24 қаңтарға белгіленгені хабарланған болатын.
Айта кетелік Қырғызстанның еңбек мигранттарына парламент сайлауына қатысуға рұқсат берілуі мүмкін.