Қырғызстанда селден кейін көпір қирап, ондаған адам қауіпсіз жерге шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Талас облысындағы «Беш-Таш» паркінде сел жүріп, демалушылар эвакуацияланды, деп хабарлайды Кабар.
Қырғызстанның Талас облысындағы «Беш-Таш» мемлекеттік табиғи паркінің аумағында сел жүріп, көпір мен жолдың бір бөлігін қиратып кетті. Осыған байланысты демалушылар қауіпсіз жерге көшірілді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, нөсер жауын салдарынан табиғи парк аумағында сел жүріп, автокөлік көпірі мен демалыс аймағына апаратын жолдың бір бөлігін шайып кеткен.
Құтқару жұмыстарына Талас облыстық ТЖМ басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды.
— Жолдың арғы бетінде қалып қойған 50-ге жуық азамат құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта тиісті қызметтер жағдайды бақылап, келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр, — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар Ош қаласында да сел салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ТЖМ мәліметінше, Зымырык-Сай ауданында Ақ-Буура — Араван каналы арқылы сел жүріп, Саидиев көшесіндегі балабақша ауласын және шаруашылық жолдардың бірқатар бөлігін су басқан.
Бұдан бөлек, сел ағыны ішінде адам болған Daewoo Matiz маркалы жеңіл көлікті ағызып әкеткен. Алайда жергілікті тұрғындар дер кезінде көмекке келіп, азаматты құтқарып қалған. Кейін көлік те судан шығарылды.
Табиғи апат салдарын жою жұмыстарына жалпы саны 57 адам мен 7 арнайы техника тартылған. Қазіргі уақытта зардап шеккен аумақтарды тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Осыдан бұрын Қырғызстан аумағында 5,0 магнитудалы жер сілкінісі тіркелгені белгілі болды.