Қырғызстанда шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыруға соңғы мүмкіндік берілді

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанда шетелдік тіркеу белгілері бар көлік құралдарын 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін заңдастыруға рұқсат берілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Қырғызстанда шетелдік нөмірлері бар көліктерді заңдастыруға соңғы мүмкіндік берілді
Фото: Kazinform

Тиісті жарлыққа Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қол қойды. 

Құжатқа сәйкес, заңдастырудың қосымша процедурасы Қырғызстанға тек 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін кіргізілген және мемлекеттік тіркеуден өтпеген көлік құралдарының белгілі бір санаттарына ғана қолданылады. 

Көлік құралдарының жүргізушілері мыналарға құқылы:

  • Министрлер кабинетінде белгіленген тәртіпке сәйкес қосымша (соңғы) заңдастыру процедурасынан өтуге;
  • көлікті Қырғыз Республикасынан тыс жерлерге шығаруға; 
  • көлік құралын қосалқы бөлшектерге сатуға; 
  • көлікті Министрлер кабинетінде белгіленген тәртіпке сәйкес жоюға;

Бұл науқан бір реттік, ерекше және соңғы сипатқа ие екендігі және оны ұзартуға жатқызылмайтыны атап өтілді.

Осы мерзім аяқталғаннан кейін көлік құралдарын заңдастыруға рұқсат етілмейді. Қырғызстанда заңдастырылмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынды. Егер көлллік иесі талаптарды белгіленген мерзімде орындамаса, көлік құралы Министрлер кабинетінің белгіленген тәртібімен соттың соңғы шешімі негізінде және ел заңнамасына сәйкес сақтау және кейіннен жою үшін мамандандырылған тұраққа қойылады.

Еске салсақ, Қырғызстанда 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыру бойынша ауқымды науқан жүргізілді.