Қырғызстанда соңғы сайлау округінде депутаттарды сайлау бойынша үгіт-насихат жұмыстары басталды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда соңғы көп мандатты №13 сайлау округінде Жогорку Кенеш (Парламент) депутаттарын қайта сайлау бойынша үгіт-насихат науқанының кезеңі басталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Қырғызстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, кезектен тыс сайлауға қатысуға 25 кандидат тіркелген, оның ішінде 15 ер және 10 әйел бар. Жогорку Кенешке барлығы үш депутат сайланады. Сайлау науқаны 20 күнге созылады. Ол 2026 жылдың 9 ақпанында басталып, 2026 жылдың 28 ақпанында сағат 8:00-ге қарай аяқталады.
№13 көп мандатты сайлау округі бойынша парламенттік сайлау тізіміндегі сайлаушылар саны 161 347 адамды құрайды. Үгіт-насихат жиналыстарда, митингілерде, БАҚ және интернет-басылымдар арқылы жүргізілуі мүмкін.
Еске сала кетсек, 30 қарашада Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Сайлаудағы дауыс беру процесі толығымен автоматтандырылғаны белгілі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші сайлауының табысты өтуімен құттықтады.
Қырғызстандағы парламент сайлауына қанша адам қатысқанын мына материалдан оқи аласыз.
2025 жылдың 3 желтоқсанында Қырғызстан Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы бірқатар бұзушылықтарға байланысты № 13 көп мандатты сайлау округіндегі Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын жарамсыз деп таныды.