Қырғызстанда сотталғандарға қайтадан кешірім жасау ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда қылмыс жасағаны үшін сотталып, сот үкімімен тағайындалған жазасын өтеп жатқан азаматтарға қайтадан кешірім жасауға ресми түрде рұқсат беру ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Президенттің тиісті жарлығының жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Бұған дейін заңнамада мұндай жағдайларға қатысты нақты тәртіп белгіленбеген. Ұсынылып отырған өзгерістер кешірім жасау рәсімін жеңілдетіп, жеделдетуге, сондай-ақ қайталама өтініш берудің нақты мерзімдерін белгілеуге бағытталған.
Жаңа ережеге сәйкес, бұрын кешірімге іліккен азаматтарға кешірім жасау туралы қайта өтініш беруге мүмкіндік қарастырылады.
Белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырылғандар ерекше мән-жайлар болмаған жағдайда, тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын өтегеннен кейін ғана кешірім жасау туралы қайта өтініш бере алады. Егер алғашқы өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы жарлыққа қол қойылған кезде сотталған адам жаза мерзімінің жартысын өтеп қойған болса, кешірім сұрап қайта өтініш беру үшін аталған жарлыққа қол қойылған күннен бастап бір жыл күтуі қажет.
Өмір бойына бас бостандығынан
айырылғандар жаңа әрі дәлелді негіздер болмаған жағдайда, кешірім жасау туралы қайта өтінішті алдыңғы өтініші қабылданбағаннан кейін 10 жыл өткен соң ғана жолдай алады.
Құжатта кешірім жасау туралы өтінішті мерзімінен бұрын қарауға негіз болатын айрықша жағдайлар да айқындалған. Олар:
* сотталған адамның өміріне қауіп төндіретін ауыр науқасқа шалдығуы;
* Сотталған адамның ауруына байланысты түрмеде жазасын өтеу өміріне қауіп төндіруі немесе мүмкін болмауы;
* Сотталған адамның өз әрекетін түсіну не басқару қабілетінен айыратын және арнайы емдеуді қажет ететін психикалық ауруға шалдығуы;
* кешірім жасау туралы алдыңғы өтініш қаралғаннан кейін I топтағы мүгедектіктің белгіленуі;
* Сотталған адамға жазасын өтеп жатқан мекемеде көрсету мүмкін емес шұғыл емнің қажет болуы.
Бұған дейін Қырғызстанда марқұмды өз бетінше жерлегені үшін жазаны қатаңдату мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.