Қырғызстанда спортшылардың құрама сапындағы жылдары еңбек өтіліне саналмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда спортшылардың ұлттық құрамада өткізген уақыты ресми түрде олардың еңбек өтіліне есептеледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Бұл туралы «Биринчи радио» эфирінде Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Урмат Асанбаев хабарлады.
Оның айтуынша, дене шынықтыру және спорт туралы заңға тиісті түзетулер енгізілген.
— Біздің спортшыларымыз халықаралық турнирлерде Қырғызстанның туын көтеріп, оның атынан өнер көрсетеді, бірақ олардың еңбек өтілі есепке алынбай келді. Түзетулерге сәйкес, енді 18 жастан, спортшы ұлттық құрамаға қосылған кезден, оның еңбек өтілі есептеле бастайды. Егер спортшы ұлттық құрамада бес немесе он жыл қызмет етсе, бұл кезең оның еңбек өтіліне есептеледі. Ұлттық құрамадан кеткеннен кейін спортшылар спорт немесе басқа да ұйымдарға жұмысқа орналасу кезінде осы еңбек өтілін пайдалана алады, — деді ол.
Бұған дейін Бішкекте Ұлттық шахмат академиясы ашылғанын хабарлаған едік.