Қырғызстанда үй жануарларын чиптеу мен тіркеу жүйесін енгізу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда иттер мен мысықтарды міндетті түрде чиптен өткізіп, жануарларды сәйкестендірудің бірыңғай мемлекеттік тізіліміне тіркеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі хабарлайды.

чиптеу
Фото: pixabay

Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Бастама үй жануарларына қатысты бірыңғай ереже қалыптастырып, оларды қатыгездіктен қорғауды және иесіз жануарлар мәселесін ізгі жолмен шешуді көздейді.

Құжатта иттер мен мысықтарды микрочиппен міндетті түрде сәйкестендіріп, тіркеу көзделген. Бұл рәсімге жұмсалатын шығынды жануарлардың иесі көтереді. Ал муниципалдық үй-жайлар мен уақытша ұстау орындарындағы қараусыз және иесіз жануарларға қатысты шығындарды мемлекет өтейді.

Жануар басқа адамға берілген жағдайда, жаңа иесі туралы мәліметтер тізілімге енгізіледі. Сондай-ақ иттер мен мысықтарды иесінің бақылауынсыз бос жіберуге және олардың ретсіз көбеюіне тыйым салынады.

Заң жобасында иесіз иттерді жаппай жою мен ату тәжірибесінен толық бас тарту ұсынылады. Оның орнына мынадай жүйе енгізіледі: ұстау — тексеру және емдеу — зарарсыздандыру — вакцинациялау — микрочип арқылы сәйкестендіру — жаңа иесін табу.

Жануарларды жаппай эвтаназиялауға қатаң тыйым салынады. Оларды ветеринариялық жолмен ұйықтатуға тек айрықша жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Атап айтқанда, эвтаназия жануардың емделмейтін ауыр азабын тоқтату, аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу немесе көп уақыт бойы бақылауға келмейтін агрессивті мінез-құлқын тоқтату қажет болған жағдайда ғана қолданылады. Мұндай шешімді кемінде екі ветеринар дәрігер қабылдап, оны тиісті құжаттармен рәсімдеуге тиіс.

Құжатта жануарлармен жұмыс істейтін қызметтердің нақты міндеттері белгіленген. Жануарларды аулау, тасымалдау және уақытша ұстау жұмыстарын аулау қызметі ұйымдастырады. Ал стерилизациялау, вакцинациялау, емдеу және эвтаназия рәсімдерін ветеринария мамандары жүргізеді.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары жануарлардың санын реттейтін жергілікті бағдарламаларды бекітуге тиіс. Бұл бағдарламада жануарлардың бастапқы санын есепке алу және олардың қайдан көбейіп жатқанын анықтау, қаржы көлемі, стерилизация мен вакцинация жоспары, жануарларды чиптеп, орын табу шаралары, тұрғындардың қауіпсіздігі мен атқарылған жұмыстың нәтижесі нақты көрсетілуі шарт. Сонымен қатар жыл сайын ауланған, иесіне қайтарылған, стерилизациядан өткен, вакцина алған, жаңа қожайынға тапсырылған, бұрынғы мекендеген жеріне жіберілген және эвтаназия жасалған жануарлардың нақты саны жариялануға тиіс. Бұған қоса, эвтаназияға негіз болған себептер мен бөлінген бюджет қаржысының қалай жұмсалғаны туралы ақпарат та ашық түрде көрсетілуі қажет.

Бішкек, Ош сияқты ірі қалалар мен облыс орталықтары 36 ай ішінде муниципалды үй-жайлар ашуға немесе жеке ұйымдармен келісімшартқа отыруға міндеттеледі.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда биоәртүрлілікті сақтау және браконьерлікке қарсы күресті күшейту мақсатында Қырғызстан жабайы табиғатқа келтірілген залал үшін айыппұл көлемін көбейткені хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина