Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыстық топтар болмайды - Қырғыз Республикасының ҰҚК
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыстық топтар (ҰҚТ) болмайды. Бұл туралы бүгін тілшілердің сауалдарына жауап берген Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев хабарлады, деп жазды Кабар ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, бұдан былай бірде-бір шенеунік, қарақшы не қылмыс әлемінің белсендісі халықтан жерді тартып ала алмайды.
«Олар мұны істеп көрсін. Бұған дейін де айтқан едім – Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыстық топ болмайды. Олар жоқ. Егер кімде-кім, қай жерде ұйымдасқан қылмыстық топты көрсе немесе ол туралы білсе, бізге хабарлауыңызды сұраймыз», - деді Ташиев.
Жемқорларға қатысты сөйлеген сөзінде ол олардың көпшілігі заңсыз алғандарын өз еркімен қайтаратынын не темір тордың ар жағына қамалатынын атап өтті.