Қырғызстанда жаңа оқу жылы басталды

АСТАНА. KAZINFORM- Бүгін, 15 қыркүйекте Қырғызстанда жаңа оқу жылы басталды. Биыл оқушылар мен ата-аналар үшін бірқатар өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Кабар агенттігі.

Новый учебный год начался в Кыргызстане
Фото: Кабар

Жаңа оқу жылында 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жалғасады. Оқу процесін ұйымдастыру тәртібі өзгеріп, оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктер енгізіледі. Кабар агенттігі 2026–2027 оқу жылында республика мектептерінде қандай өзгерістер болатынын жариялады.

Бүгін елдегі мектептер 1,5 млн оқушыға есігін ашты. Оның ішінде шамамен 147 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Елдегі жалпы білім беретін ұйымдарда шамамен 97 мың мұғалім жұмыс істейді.

Құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2026–2027 оқу жылы басталғанға дейін республика бойынша 81 мектептің құрылысы мен күрделі жөндеуі толық аяқталды. Оның 40-ы жаңадан салынса, 41 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жүргізілді.

Сонымен қатар Президент Садыр Жапаровтың тапсырмасына сәйкес Бішкек, Ош және Манас қалаларында салынып жатқан 36 жаңа мектепті пайдалануға беру жұмыстары жалғасып жатыр.

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жалғасады

Биылғы оқу жылында 1, 2, 3, 5, 7 және 8 сыныптар жаңа білім беру жүйесіне көшеді. Министрлік өкілдерінің атап өтуінше, бұл сыныптарда жаңа оқу бағдарламалары мен жаңа оқулықтар қолданылады.

Ал 4, 9, 10 және 11 сынып оқушылары 11 жылдық білім беру жүйесі бойынша оқуын жалғастырады.

Сенбі күндері де оқиды

2026–2027 оқу жылында 6–11 сынып оқушылары оқу бағдарламаларын толық меңгеру үшін қосымша 8 сенбі күні білім алады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептер қосымша 8 оқу күнінің кестесін өздері жасап, ата-аналармен және аумақтық білім басқармаларымен келіседі.

Бұл ретте 1–5 сыныптар үшін бес күндік оқу аптасы өзгеріссіз қалады.

Колледждер мен университеттерге түсу

Оқу-ағарту министрлігінің «Кабар» агенттігіне хабарлауынша, 9-сыныптан кейін колледждер мен кәсіптік лицейлерге түсу мүмкіндігі сақталады. 10–12 сыныптарда мектепте оқуын жалғастыратын оқушылар кәсіби бағдарға дейінгі бағдарламаларды қосымша меңгере алады.

Ғылым министрлігі де 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкеннен кейін колледж түлектері университеттің 2-курсына түсе алатынын растады.

Жаңа оқулықтар

Қырғызстанда 2026 жылы осы уақытқа дейін 3 млн 172 мың 728 оқу-әдістемелік кешен басылып, таратылды. Тағы 1 млн 442 мың 815 дананы басып шығару жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, 2025 жылы мектептерге жалпы саны 4 млн 735 мың 870 оқу-әдістемелік кешен шығарылып, таратылған болатын.

Осылайша, екі жылда шығарылған оқу-әдістемелік кешендердің жалпы таралымы 9 млн 351 мың 413 дана болады.

Каникул кестесі

Бекітілген каникул кестесіне сәйкес:

  • күзгі каникул – 5 күн, 11–15 қараша аралығы;
  • қысқы каникул – 10 күн, 1–10 қаңтар аралығы;
  • көктемгі каникул – 6 күн, 3–8 наурыз аралығы;
  • мамырдағы каникул – 9 күн, 1–9 мамыр аралығы.

Бірінші сынып оқушылары үшін каникул қосымша екі аптаға, екінші сынып оқушылары үшін бір аптаға ұзартылады. Қосымша каникул мерзімдерін аудандық және қалалық білім басқармалары өңірдің климаттық және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайын ескере отырып белгілейді.

2026–2027 оқу жылын мектептерде 2027 жылғы 25 мамырда аяқтау жоспарланып отыр.

500 мектепте шахмат үйірмесі ашылады

Республикадағы 500 мектепте 3 және 5 сынып оқушыларына арналған шахмат үйірмелері жұмыс істей бастайды.

Мектептерде психологтар пайда болады

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептердің штат кестесіне психолог қызметі енгізіледі. Психологтардың штаты оқушылар санына қарай белгіленеді:

  • 275 оқушыға дейінгі мектептерде – 0,25 штат;
  • 276-дан 550-ге дейін оқушысы бар мектептерде – 0,5 штат;
  • 551 және одан көп оқушысы бар мектептерде – 1 штат.

Бағытқа бейімдеп оқыту

2026–2027 оқу жылында бағытқа бейімдеп оқытуға көшу басталады. 8-сыныптарда бейіналды даярлық енгізіліп, жоғары сыныптарда кәсіптік-қолданбалы бағыттағы бейінді бағдарламалар сынақтан өткізіледі. Сонымен қатар жалпы білім беретін ұйымдар мен бастауыш кәсіптік білім беру ұйымдары арасында желілік өзара іс-қимыл ұйымдастырылады.

Бағытқа бейімдеп оқытуға көшу үш оқу жылы ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2027–2028 оқу жылында бейіналды даярлық 9-сыныптарда енгізіледі. 11-сыныптарда академиялық және кәсіптік-қолданбалы бағыттағы бейінді бағдарламалар іске қосылады.

2028–2029 оқу жылында 12-сыныптарда академиялық және кәсіптік-қолданбалы бағыттағы бейінді бағдарламалар енгізіледі.

Осылайша, жаңа оқу жылының басталуымен қатар оқушылар үшін оқу процесін ұйымдастыру мен білім беру мазмұнына да бірқатар өзгеріс енгізілді. Биылғы өзгерістер 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді жалғастыруды, 6–11 сыныптар үшін қосымша оқу күндерін енгізуді, оқулықтарды жаңартуды, психологтар мен шахмат үйірмелерін енгізуді, сондай-ақ бағытқа бейімдеп оқытуды бастауды қамтиды.

Осыған дейін Бішкекте Ұлттық шахмат академиясы ашылатыны туралы жаздық.