Қырғызстанда жыл басынан бері инфляция 6,7%-ға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда биылғы жеті айда тұтыну бағалары мен тарифтер 6,7%-ға өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғызстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, азық-түлік өнімдері мен алкогольсіз сусындардың бағасы 5,9%-ға, алкогольді сусындар мен темекі өнімдері 7,1%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,1%-ға, ал халыққа көрсетілетін қызметтер тарифтері 10,1%-ға қымбаттаған.
Бағаның өсуі елдің барлық өңірінде тіркелді. Ең жоғары қымбаттау Ош облысында байқалды.
Мұнда азық-түлік өнімдері мен алкогольсіз сусындардың бағасы 11,9%-ға, алкогольді сусындар мен темекі өнімдері 21,4%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 10,6%-ға, ал халыққа көрсетілетін қызметтер тарифтері 23,8%-ға өскен.
Бұған дейін Қырғызстанда АИ-95 маркалы бензин бағасын мемлекеттік реттеу тоқтатылғаны хабарланған болатын.
Сондай-ақ елде жанар-жағармай бағасының өсуін тежеу мақсатында бензин мен дизель отынына салынатын салықты уақытша төмендету ұсынылғаны туралы жазған болатынбыз.
Қырғызстанда жанармай бағасының өсуіне не себеп болғаны туралы материалды оқыңыз.