Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттардың кезектен тыс сайлауы аяқталды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда сағат 20:00-де кезектен тыс парламенттік сайлауында дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Қырғызстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының автоматты дауыс беру жәшіктерінен алынған мәліметке сәйкес, сағат 19:00-дегі жағдай бойынша парламент сайлауында 1 473 264 адам дауыс берді, сайлаушылардың қатысуы 34,31% болған. Ресми дауыс беру нәтижесі кейінірек жарияланады.
Еске сала кетейік, бүгін Қырғызстанда кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Азаматтар ел бойынша 30 көп мандатты аумақтық сайлау округінде дауыс берді, олардың әрқайсысы кем дегенде бір әйелді қоса алғанда, парламенттің үш мүшесін сайлайды. Дауыс беру нәтижесінде парламентке барлығы 90 адам сайланады.
Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша шетелдегі сайлау учаскелерінде 21 986 адам дауыс берді.
Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы Сұлтан Макилов атап өткендей, агенттікке бүгінгі күнге дейін сайлау заңнамасын бұзу туралы 79 хабарлама келіп түскен. Әрбір оқиға тергеліп жатыр және кейінірек құқықтық баға беріледі.
Сайлау науқаны кезеңінде Қырғыз Республикасының Орталық сайлау комиссиясына сайлау заңнамасын бұзу туралы 269 хабарлама келіп түскен. Оның ішінде сайлау науқаны ережелерін бұзу бойынша 124, кандидаттардың беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таратуға қатысты 37, әкімшілік ресурстарды теріс пайдалану бойынша 8, дауыс сатып алуға қатысты 46 және басқа да бұзушылықтар бойынша 54.
Бұған дейін хабарланғандай, Жогорку Кенеш депутаттарын кезектен тыс сайлауға 467 кандидат тіркелген, олардың алтауы кейінірек сайлауға қатысудан бас тартты. Жалпы аккредиттелген халықаралық бақылаушылар саны – 788 адам.
Еске салайық, Қазақстанда Қырғызстан азаматтары үшін Астана (ҚР-дағы Қырғызстан Елшілігі), Алматы (ҚР-дағы Қырғызстан Бас консулдығы), Атырау және Қарағанды қалаларында сайлау учаскелері ашылған еді. Сонымен қатар 5 қарашада Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында қосымша үш учаске құрылған.
Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Султан Макилов брифинг барысында сайлау процесі кезінде тіркелген 256 заңбұзушылық туралы хабарлама түскенін мәлімдеген еді.