Қырғызстанда жол ережесін бұзғандарға жазаны қатаңдату ұсынылды

АСТАНА.KAZINFORM — Қырғызстанда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделген заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Қырғызстанда жол ережесін бұзғандарға жазаны қатаңдату ұсынылды
Фото: magnific.com

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Қолданыстағы әкімшілік шараларға қарамастан, қайталанатын құқық бұзушылықтар азаймай отыр. Бұл жол қауіпсіздігі саласындағы кейбір алдын алу тетіктерінің тиімділігі жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Заң жобасына сәйкес мынадай жазалар ұсынылған:

Сағатына 20–40 шақырымға жылдамдықты асыру — 5 мың сом айыппұл;
Сағатына 40–60 шақырымға асыру — 15 мың сом айыппұл, ал 6 ай ішінде қайталанса — 15 мың сом айыппұл және 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру;
Сағатына 60 шақырымнан артық асыру — 20 мың сом айыппұл және 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру;
Ішкі істер, көлік немесе кеден органдары қызметкерлерінің тоқтау туралы талабын орындамау — 7,5 мың сом айыппұл, ал бір жыл ішінде қайталанса — 20 мың сом айыппұл және 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру;
Қос тұтас жолақ сызығын кесіп өту — 5 мың сом айыппұл;
Қоғамдық көлік жолағында тоқтау немесе көлік қою, жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану немесе жолға қоқыс тастау — 5 мың сом айыппұл;
Бір немесе қос тұтас сызық арқылы қарсы бағытқа шығу — 15 мың сом айыппұл және 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру;
Бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өту — 20 мың сом айыппұл және 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру;
Балаларды арнайы автокреслосыз тасымалдау — 2 мың сом айыппұл;
Мотошлем немесе қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзу — 3 мың сом айыппұл;
Мемлекеттік нөмірсіз немесе нөмірі жасырылған көлікті басқару — 15 мың сом айыппұл, ал 6 ай ішінде қайталанса — 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру;

Қиылыстардан өту ережелерін бұзу, тротуармен немесе жаяу және велосипед жолдарымен жүру — 10 мың сом айыппұл;
Жолды, көшені, теміржол өткелін немесе басқа да жол инфрақұрылымын бүлдіру — жеке тұлғаларға 10 мың сом, заңды тұлғаларға 27 мың сом айыппұл.

Бұған дейін Қырғызстанда мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты жазаны қатаңдату мәселесі көтерілген болатын