Қырғызстанда ЖРВИ жұқтырғандар саны артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда ЖРВИ мен тұмау жұқтырғандар саны маусымдық кезеңге байланысты көбейіп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Аурулардың алдын алу және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мәліметінше, 2-8 қараша аралығында елде ЖРВИ мен тұмаудың 10 900 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп.
Алдыңғы аптамен салыстырғанда ауру жұқтырғандар саны 4,4 пайыз артқан. Науқастардың 71,1 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар (7 752 жағдай).
Елде ЖРВИ қоздырғыштарының басым бөлігін риновирустар (47,3 пайыз), парагрипп вирустары (22,2 пайыз), аденовирустар (13,3 пайыз), маусымдық коронавирус (9,9 пайыз), бокавирустар (5,8 пайыз) және басқа вирустар (1,5 пайыз) құрайды.
Науқастар санының артуына байланысты Бішкектегі екі медициналық мекемеде қосымша 350 төсек-орын ашылды. Оның 300-і Республикалық клиникалық инфекциялық ауруханада, 50-і Жедел медициналық жәрдем қалалық балалар клиникалық ауруханасында дайындалды.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бері 9 062 адамның жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырғаны тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.