2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Қырғызстандағы президент сайлауына қанша қаражат жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі Орталық комиссиясы президент сайлауына әзірлік жасап, оны өткізуге кететін шығындар сметасын бекітті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлайды. 

Қырғызстандағы президент сайлауына қанша қаражат жұмсалады
Фото: ҚР ОСК

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, президент сайлауына барлығы 1,2 млрд сом (шамамен 6,06 млрд теңге) жұмсалмақ. Оның 646 млн 560 мың сомы (3 млрд 265 млн теңгеден астам) 2026 жылға, ал 553 млн 440 мың сомы (2 млрд 796 млн теңгеден астам) 2027 жылға бөлінген.

Бұл қаражаттың ішінде қайта дауыс беруге тура келген жағдайда 240 млн сом (1,21 млрд теңгеден астам) шығын енгізілген. Ал шетелде жүрген Қырғызстан азаматтарының сайлау құқығын қамтамасыз етуге 53,2 млн сом (286 млн 697 мың теңге) бөлінді.

Сайлауды өткізуге жұмсалатын шығындарға сайлау процесін ұйымдастыру, ақпараттық және техникалық қолдау көрсету, сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету кіреді.

Еске сала кетейік, Қырғызстандағы кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленді.

Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың екінші мерзімге сайлауға түсу ниеті бар екені хабарланған болатын.