Қырғызстаннан келген жүк көліктері не себепті кері қайтарылды

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті биыл тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында не себепті жүк көліктерінің кептелесі болғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

қазақ-қырғыз шекарасы
Фото: Мұхтар Холдорбеков/ "ҚазАқпарат" ХАА

Мәлім етілгендей, ЕАЭО аумағында көлеңкелі тауар айналымына жол бермеу мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті көршілес елдердің жауапты органдарымен бірлесе тиісті тексерулерді тұрақты өткізіп келеді.

«Қазақстан мен Қырғызстанның фискалды органдарының өзара іс-қимылы мен бақылауын күшейту мақсатында 2022 жылғы 8-9 қыркүйекте Бішкек қаласында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Аталған отырыста Қырғызстаннан Қазақстанға тауарлардың импортын жүзеге асыру барысында импортталатын тауарларға электронды шот-фактуралардың болмауы анықталған жағдайда, жүк көліктерін қырғыз жағына кері қайтару жөнінде шаралар қабылдайтындығы бекітілген. Бұл ретте қабылданған шаралардың нәтижесінде 2022 жылдың қыркүйегінен бастап 2023 жылдың 20 қыркүйегіне дейін Қырғыз Республикасына 110 көлік кері қайтарылды», – делінген ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Биылғы 19-20 тамыз аралығында қазақ-қырғыз шекарасында Қырғызстан жағынан жүк көліктерінің кептелісі байқалған болатын. 

«Кептеліс жеміс-көкөніс өнімдерін Қырғызстаннан алып өту кезеңінде жүк ағынының ұлғаюына, сондай-ақ жазғы кезеңде жолаушылар ағынының артуына байланысты болды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шекара кеңістігінде, оның ішінде автокөлік өткізу бекеттерінде заң бұзуға жол бермеу бағытында тиісті іс-қимыл шараларын іске асырып отыр. Қазір өткізу пунктері штатты режимде жұмыс істеп жатыр, тәулігіне шекараны орташа есеппен 350-400 жүк көлігі кесіп өтуде», – деп нақтылады Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары.

Сондай-ақ екі ел арасында қандай тауарлар айналымы жүзеге асырылып отырғаны мәлім етілді.

«Қазақ-қырғыз шекарасында орналасқан «Айша бибі», «Аухатты», «Сортөбе», «Сыпатай батыр», «Қара су», сондай-ақ «Қордай» автокөлік өткізу бекетінен келген мәліметтерге сәйкес, биылғы жыл басынан Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына негізінен мына тауарлар тасымалданды: көкөніс пен жеміс, құрылыс материалдары, металл тауарлар, азық-түлік, сүт және кондитерлік өнімдер. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының аумағынан транзит арқылы Қырғыз Республикасынан Ресей Федерациясына бағытталған жүк көліктерінің үлесі 57% құрады», – деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ҚР Ұлттық қаіпсіздік комитеті шекарада бір жүк көлігін тексеруге 25 минут уақыт қарастырылғанын мәлім етті.

Биылғы тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы бақылау-өткізу пунктінде жүк көліктері жиналып қалған болатын.