Кирилл Герасименко Олимпиадада кеткен есесін қайтарып, Ислам ойындарында жеңімпаз атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Кирилл Герасименко Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы атанды.

Кирилл Герасименко
Фото: Тұрар Қазанғапов/ҚР ҰОК

Ерлер арасында өткен жекелей сайыстың финалында ол мысырлық Омар Ассармен кездесті.

ҚР ҰОК мәліметінше, Герасименко шешуші ойында 4:1 есебімен жеңіске жетіп, Ассардан кеткен есесін қайтарды.

Еске салайық, Кирилл Герасименко мен Омар Ассар 2024 жылғы Париж Олимпиадасының 1/8 финалында да жолыққан еді. Ол кезде мысырлық спортшы жеңіске жеткен болатын.

Айта кетейік, гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.

Сонымен қатар садақ атудан Бангладештегі Азия чемпионатында ел қоржынына алтын жүлде түсті.