Кірістер, салықтық түсімдер бойынша болжамдар өзгеріске ұшырады - Қуандық Бишімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай өндіру саласында экономика өзгеріске ұшырады. Бұл туралы бүгін Астанада салық салудың өзекті мәселелеріне арналған конференцияда ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

Кірістер, салықтық түсімдер бойынша болжамдар өзгеріске ұшырады - Қуандық Бишімбаев

«Экономикалық өсім тұрғысында маңызды бағыттың бірі жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу саясатына байланысты.  Жер қойнауын пайдаланушылар үшін ағымдағы салықтық режімге тоқталсақ, бүгінде мұнай өндіру саласында экономика өзгеріске ұшырағанын баршамыз түсініп отырмыз. Мұнай бағасына ұзақмерзімді деңгей қалай қалыптасатыны белгісіз, алайда алдағы 5-7 жылда баға бұрынғы деңгейге жетуі екіталай екені жалпы болжамдарда айтылуда. Яғни, біз жаңа шынайылыққа аяқ басудамыз. Бұл ретте кірістер, салықтық түсімдер бойынша болжамдар өзгеріске ұшырады.  Бізде, Қазақстанда өзіндік ерекшеліктері бар, осы орайда өндірісін арттырған кен орындары бар, сонымен қатар өндіру көлемі құлдыраған кен орындары да байқалуда»,-деді Қ. Бишімбаев.

Оның сөзіне қарағанда, шикізатты өндіру деңгейін белгілі бір көлемде ұстап тұру үшін  инвестиция салу қажет. Бірақ, ағымдағы баға деңгейі қазіргі салықпен осы бағытта тиісті жұмыстарды атқаруға мүмкіндік бермейді.

«Жақын арада бұл мәселені талқылаймыз. Өндіру көлемі төмендеп келе жатқан мұнай кәсіпорындарына қолдау жасалады. Бұл ретте біздің ең басты ұстанымдарымыздың бірі - қалыптасқан кіріс базасын жоғалтпастан, компанияларға қажетті ынталандырушы тетіктерді беру ескеріліп отыр. Осындай табысты тәжірибе бізде бар және оны талқылаудамыз. Ертең арнайы жұмыс тобының отырысын өткізіп, онда жер қойнауын пайдаланушыларымен егжей-тегжейлі талқылау болады»,-деді министр.

Қ. Бишімбаевтың пайымынша, әлемде шикізатқа сұраныс баялауына байланысты елімізде де осы бағытта тиісті ахуал байқалуы мүмкін. Бұған энергияның көптеген балама көздерінің пайда болуы ықпал етуде.