Қыркүйекте кәсіпкерлер темекіні қабылдау мен сатуда қиналды
АСТАНА. KAZINFORM — Қыркүйекте Бірыңғай ұлттық таңбалау жүйесіндегі іркілістерге байланысты кәсіпкерлер темекіні қабылдау мен сатуда қиындыққа тап болды. Мәселенің себебін TAÑBA бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы түсіндірді.
Бірнеше күн бұрын елімізде таңбаланатын тауарлар тізімі кеңейген еді. ОКҚ-дағы брифингте журналистер осы кеңеюдің туындаған қиындықтарға әсер етіп-етпегенін сұрады.
TAÑBA тауарларды таңбалау және қадағалау бірыңғай операторының басқарушы директоры Алмат Исмаилов жүйеде жаппай іркіліс болмағанын айтты.
— 9 және 10 қыркүйекте темекі өнімдері бойынша құжаттарды өңдеу ұзағырақ уақыт алды. Жүйе жұмыс істеп тұрды, тек құжаттар әдеттегіден баяу өңделді. Бұған техникалық себеп әсер етті. Атап айтқанда жүйенің деректер қоймасының жұмыс қуаты уақытша төмендеді. Бұл таңбаланатын тауарлар тізімінің кеңеюіне байланысты емес. Біз техникалық қолдау қызметін күшейтілген режимге ауыстырдық. Осы екі күнде қолдау қызметіне шамамен 43 өтініш келіп түсті. Айта кетейін, таңбалау жүйесінде темекі бұйымдары бойынша 60 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, — деді Алмат Исмаилов.
Сондай-ақ ереже бойынша жүйедегі техникалық іркіліс туралы ақпарат оператордың ресми бетінде жарияланды. Пайдаланушылар ережеде қарастырылған қағаз құжаттармен жұмыс істеудің уақытша тәртібін қолдана алды. Бұл құжаттарды жүйенің жұмысы қалпына келгеннен кейін оған енгізу керек.
Айта кетейік, Оралда құны 100 млн теңгеге жуық заңсыз темекі айналымының жолы кесілді.