«Кировтан» келер қауіп бар ма? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 24 маусым, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде қырғыз еліндегі «Киров» су қоймасының қиын жағдайы туралы ақпараттар жиі бой көрсетіп жүр. Шынында Тараз қаласынан небәрі 40 шақырым қашықтықта орналасқан бұл су қоймасының жағдайы жергілікті тұрғындарды әжептәуір алаңдатып жүргені жасырын емес екен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті жазып отыр. «Биылғы көктемде жауын-шашын мол болды. Маусым айының басында күн қатты ысып кеткенімен ортасына таман қайтадан жауын құйып, елді біраз әбігерге салды. Сол күндері қырғыз елінің таулы аймақтарында бұршақ жауып, жаңбыр құйып, одан аққан су «Киров» су қоймасының ернеуін толтыра бастады. Бұл әрине, қауіпті тіптен күшейтіп жіберді» деп жазады басылым. Газет тілшісімен әңгімелескен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев: «Киров» су қоймасының жалпы сыйымдылығы 550 млн. текше метрді құрайды. Соңғы жауын-шашыннан кейін су деңгейі 540, 48 млн. текше метрге дейін жеткені рас. Өйткені, соңғы апталарда Қырғызстанның Талас облысының таулы аймақтарында жауын-шашын мол түсіп, су қоймасына секундына 244 текше метр су құйылып жатты. Қырғыз мамандарының айтуына қарағанда, мұндай телегей-теңіз судың ағып келуі бұрын-соңды болмаған екен», деген.

Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінінің бүгінгі санында жарық көрген «Кировтан» келер қауіп бар ма?» атты мақаладан оқи аласыздар.

Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газеті Шахтинск тұрғындарының қуанышы туралы хабарлап отыр. «Қасиетті Рамазан айында және Астана күнін мерекелеу қарсаңында Қарағанды облысының  Шахтинск қаласында 26 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Ұзақ жылдардан бері кезекте тұрғандарға қала әкімі Сержан Аймақов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Жамала Мамерханова пәтерлердің кілтін табыстады» деп хабарлаған басылым. Бұл туралы толығырақ «Жаңа қонысқа жайғасты» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Экспресс К» басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында бес адамды Сирияға «аттандырған» жергілікті «джамаат»-тың басшысы алты жылға сотталды. «Бес қазақстандықтан басқа, Сирияға баруға дайындалып жүрген тағы бірнеше адам Қазақстаннан шықпай жатып ұсталды. 2016 жылдың басынан бері өңірдің құқық қорғаушылары терроризмді насихаттағандарға қатысты екі қылмыстық іс қозғаған» деп жазады   басылым. Бұл туралы толығырақ «Лязг дамасской стали» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, Қазақстан қымыз алатын технология жасап, қымыздан неше түрлі өнім алған әлемдегі алғашқы мемлекет.

«Қазақ тағамтану академиясы бие сүтінен жасалған йогурт, балмұздақ, тіпті, торт пен шоколад, бас аяғы 15 түрлі өнім ұсынып отыр. Академия «Тайбурыл» ұлттық тағам орталығының ашылуында осы өнімдерін елге көрсетті» деп жазады басылым. Газеттің хабарлауынша, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов бұл өнімдер бірегей екенін айтқан. Бұл туралы толығырақ «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санындағы «Кумысная линейка» атты мақаласынан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар