Кіші Джордж Бушқа қоқан-лоқы жасаған қарулы адам ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ құқық қорғау органдары елдің бұрынғы президенті кіші Джордж Бушқа қоқан-лоқы жасаған қарулы адамды тұтқындады, деп хабарлады Reuters.

Кіші Джордж Бушқа қоқан-лоқы жасаған қарулы адам ұсталды

Агенттік ақпаратына қарағанда, 44 жастағы Америка азаматы Бенджамин Смитті кеше Нью-Йоркте мемлекеттің бұрынғы және қазіргі бірінші басшылары мен олардың отбасыларын қорғайтын АҚШ Құпия қызметінің қызметкерлері ұстаған. Көлігінде отырған кезінде тұтқынға түскен одан оқтаулы мылтық, қанжар және 1 канистр бензин табылған.

Қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің айтуынша, Смитті оның ұялы телефоны арқылы қолға түсірген.

Осы бейсенбі күні оның анасы полицияға ұлынан хат алғандығын хабарлаған болатын. Онда ол кіші Джорд Буш пен Пентагонға жұмыс істеуге кететіндігін айтқан. Сондай-ақ ол өз хатында «Мен айдаһарды өлтіруім керек. Сонда Барбара Буш менікі болады», -деп жазған.

Нью-Йоркте өткен алдын ала тыңдау барысында прокурор хатта жазылған адамның АҚШ-тың бұрынғы президентінің 32 жастағы қызы Барбара Пирс Буш болуы мүмкін екендігін баса айтып отыр. Смиттің алдағы тағдырын алқа билер соты шешетін болады.