Кіші Шабақты көлінде ресейлік тоғыз жасар бала құтқарылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Кіші Шабақты көлінде ресейлік тоғыз жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 8 шілде күні Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы Кіші Шабақты көлінде үрленген матраспен жүзіп жүрген тоғыз жасар баланы толқын көлдің ортасына ағызып әкеткен.
«Баланың ата-анасы құтқарушыларға жүгінді. Бір минуттан кейін олар катермен жетіп барып, баланы құтқарды. Балада құтқару желеті болмаған. Кейін анықталғандай, туристер отбасымен демалу үшін Ресей Федерациясынан келгендер екен. Баланың ата-анасы құтқарушыларға алғысын білдірді», - дейді ведомство өкілдері.
Ақмола облыстық ТЖД қызметкерлері ата-аналардан балаларын судың алдында қараусыз қалдырмауын сұрайды.
«Биылғы шомылу маусымы басталғалы өңірде шомылуға арналмаған суға түсемін деп үш бала батып кетті», - дейді құтқарушылар.
Автор: Оксана Матасова