Кішкентай күнімнен полицей болсам деп армандадым – Зинекеш Садықов
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Полицияның беделі әр қызметкердің білім-білігі, абырой-жауапкершілігіне байланысты. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Тасқала аудандық полиция бөлімінің қызметкері, полиция старшинасы Зинекеш Садықовпен сұхбаттасқан еді.
- Зинекеш Болатұлы, қазір орда бұзар отыз жастасың. Өзіңдей жас кадрлар қай салаға да керек. Полиция қатарына қызметке қалай келдің?
- Осыдан отыз жыл бұрын Тасқала ауылында өмір есігін аштым. Әкем Болат Садықов балалар-жасөспірімдер спорт мектебін басқарды, қазір жаттықтырушы, анам Дина зейнеткер. Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұлов атындағы орта мектепте білім алып, 9-сыныптан кейін Оралдағы «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің колледжіне бағдарламашы-техник мамандығы бойынша оқуға түстім. Дегенмен бала күннен бергі арманым полиция қатарында қызмет ету еді. 2011 жылы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін бір жылдан соң мамандандырылған күзет қызметі басқармасының күзет полициясында қызмет атқардым. 2017 жылы Тасқала аудандық ішкі істер бөліміне ауыстым. Қазір 2-ші арнайы топтың кіші инспекторымын, «КазИИТУ»-да заңгер мамандығын да меңгеріп жатырмын.
- Өмірдегі, еңбек жолындағы үлгі алар адамдарың кімдер, тәлімгер, ұстаз ретінде кімді айтар едің?
- Өмір жолында кездескен жақсы адамдар аз емес. Ұшқан ұяңнан кейін өз ұжымыңда бағыт сілтеп, жөнін айтар жандар болғанға не жетсін. Мен сондай адамдар ретінде Руслан Мұхамедрахимов пен Ғаділжан Жұмабаевты айтар едім. Ішкі істер органдарында жемісті қызмет еткен Руслан Рахымжанұлы қазір зейнеткер. Ал полиция майоры Ғаділжан Байзоллаұлы әлі де сапта. Аға буынның ақыл-кеңесін ала біліп, кейінгіге жалғастырсақ, ұрпақтар сабақтастығы осы деп ойлаймын.
- Елімізде коронавирус індетіне тосқауыл қою мақсатында блокпосттар орнатылғаны белгілі. Өзің де сонда қызмет еткен екенсің, қалай, қиын болды ма?
- Аса қиын болды деп айта алмаймын. Тасқала ауданы әкімдігі, полиция бөлімі тарапынан барлық жағдай жасалды. Біз блокпостта тәртіптің сақталуын қадағаладық. Бір есте қалатын жайт, блокпостта жүргенде, ұлым дүниеге келіп, қуанышқа кенелдік. Қазір тұңғышым 2 айға толды, аман-есен өсіп келеді.
- Ұл демекші, жарың өзіңді үнемі қолдап отыратын шығар?
- Иә, адам алаңсыз еңбек етуі үшін тылы мықты болуы керек. Бір жыл бұрын үйленіп, отау көтердім. Жарым Әсел мектепте информатика пәнінің мұғалімі, әрдайым қолдау көрсетіп, отбасымдағы барлық жағдайымды жасап отырады.
- Полицияның ел ішіндегі беделін көтеру бағытында не істеу керек деп ойлайсың?
- Менің ойымша, қарапайым халық пен полиция қызметкері арасында өзара түсіністік пен адами қарым-қатынас орнауы керек. Полиция қызметкерлеріне өз ісіне адалдық, жауапкершілік және шынайылық тән болуы керек деп есептеймін. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», деп ұлы Абай айтпақшы, өзіңе сеніп, адал қызмет етсең, абырой да келеді деп ойлаймын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын полиция капитаны Абзал Үмбетқалиевтің ұлының есімін ер болса екен деп Сардар қойғанын жазған болатынбыз.