Қысылған жанға дер кезінде жетіп, көмек қолын созу – борышымыз – мейіргер

ОРАЛ. KAZINFORM – Кез келген уақытта қысылған  жанға дер кезінде жетіп, көмек қолын созу – борышымыз. Гиппократ антына адал болып, күнделікті қызметімізді атқара білсек, одан асқан абырой жоқ. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Теректі ауданы Сарыөмір дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Алмагүл Салахиева мәлім етті.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы
Фото: БҚО Денсаулық сақтау басқармасы

БҚО Денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, облыста төтенше жағдай жарияланған кездегі оқыс оқиға былайша өрбіген.

Биылғы 2 сәуірде сағат 17.00-де Теректі ауданы Аңқаты дәрігерлік амбулаториясына Рыбцех ауылының Коста қыстағында 1979 жылғы ер адамның жүрек тұсы шаншып, беті ісініп, естен танып қалғаны жөнінде хабар түскен. 

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Фото: БҚО Денсаулық сақтау басқармасы

Хабар түскен бойда Аңқаты дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Эльмира Ғұмарова Теректі аудандық №2 ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасарына ескерте отырып, трактор көлігімен жолға шыққан. Алайда көлік жүре алмай, аталған шақырту облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының бақылауына алынды.

Басқарма басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың тапсырмасымен оқиға жөнінде төтенше жағдай департаментіне хабарланды. Әуе көлігін (тікұшақ) бөлу мүмкіндігі болмағандықтан, Сарыөмірден Рыбцех ауылына барудың жалғыз жолы Шалқар көлі арқылы жету жағдайы қарастырылды.

Сарыөмір ауылдық округі әкімдігімен бірлесіп, төтенше жағдай департаменті қызметкерлерімен су арқылы баруға рұқсат алу, алда күтіп тұрған қауіп-қатер: сеңнің жүруі, су ағысының қаттылығы, ми батпақ, түнге қарай аталмыш сапардың (Шалқар көлімен екі ара – 16 шақырым) бару мен келу уақытын есептегенде, 6-7 сағатқа созылатыны талқыланды. 

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Фото: БҚО Денсаулық сақтау басқармасы

Сөйтіп, маңызды шара Сарыөмір дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Алмагүл Салахиеваға тапсырылды. Еш ойланбастан келісімін берген мейіргер сағат 19.40-та құтқарушылармен бірге жолға шыққан.

«Бала күнімнен Шалқар көлі жағасында, Рыбцех ауылында өскендіктен, аса бір қорқыныш бола қойған жоқ. Алайда қараңғы түсіп кеткендіктен, әуелі катерді жағадан суға жеткізу, содан кейін мұздардың арасымен жүріп отыру қиынға айналды. Құтқарушылар Батырбек Сағынтаев пен Нұркен Алдияр өзім сияқты Рыбцехтан, ал Алтынбек Қапашев Шалқар ауылынан, олар да осы төңіректі жақсы біледі. Бір-бірімізді түсініп, жайлайтын жерде жайлап, қозғалып отырдық. Алған бағыттан қайтпай, жеткен кезде ауылдың іші ми батпақ екен. Науқасты қараған кезде таңды күтпей, жағдайы қиын болғандықтан, оны алып, жедел кері қайту керек болды. Енді басқа жолмен, яғни Шалқар ауылына қарай жүрдік. Сол жерде күтіп тұрған жедел жәрдем көлігімен түнгі сағат 02.00-де науқасты Сарыөмір дәрігерлік амбулаториясына жеткіздік. Осы қиын сапар кезінде бірге болған құтқарушы жігіттерге алғысымды айтамын», - дейді А.Салахиева.

Бұдан кейін амбулаторияда ер адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, ЭКГ-ға түсіргеннен кейін облыстық кардиологиялық орталық мамандарымен кеңесе отырып, Оралдағы қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізу туралы шешім қабылданды. Науқас Теректі аудандық №2 аудандық ауруханасы директорының орынбасары Саягүл Аденованың бастауымен таңғы сағат 04.00-де қалаға жеткізіліп, кардиолог мамандарға тапсырылды. Ер адам тиісті емін алып, қалалық көпбейінді ауруханадан 10 сәуір күні жазылып шықты. 

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Фото: БҚО Денсаулық сақтау басқармасы

«Ең бастысы, сырқаттанған жанға дер кезінде көмек көрсетіліп, төнген қауіп-қатерден аман қалды. Мұндай оқиғалар күнделікті өмірде кездесіп тұрады. Қандай жағдай болмасын, қысылған жанға көмектесіп, медициналық қызметімізді дұрыс атқара білу – біздің борышымыз», - дейді мейіргер.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Жайық өзенінде 7 адамның құтқарылғанын жазған болатынбыз.