Техниканы сайлау, реагенттерді әзірлеу, цифрлық бақылау - Жолдар қысқа дайын ба

АСТАНА. KAZINFORM – Алғашқы қар түскенде республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыс қалай ұйымдастырылады? Қар тазалайтын техника қайда орналасқан, көктайғақ кезінде жолға не себіледі? Ал жолда көлігі бұзылған жүргізуші кімнен көмек сұрайды? Осы сұрақтарға жауап іздеген елордалық журналистер «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында жол қызметінің қысқа дайындығын көрді.

м
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Қазір жол бойындағы техниканы қысқы маусымға әзірлеумен қатар, құм, тұз және басқа да қажетті материалдар қоры жасақталып жатыр. «Қажсервис» ЖШС бас директоры Марат Сүлейменовтің айтуынша, материалдар наурыз айының соңына дейінгі қажеттілікке есептелген.

в
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

– Бүгінде бізде материалдар дайындау жүріп жатыр. Көріп тұрғандарыңыз – ұсақталған тас қалдығы, құм, тұз, көмір. Бұлардың бәрі қыс бойы, яғни келесі жылдың наурыз айының соңына дейінгі қажеттілікке есептелген. Қазір қажетті қор бар, – деді Марат Сүлейменов.

Оның сөзінше, өңірлердің қысқы дайындығы бірдей емес. Кейбір облыстарда көмір мен ұсақталған тас қалдығына қажеттілік аз, ал кейбірінде негізгі материалдардың қоры әлдеқашан жиналған. Мысалы, Қостанай облысында құм мен тұз жеткізетін кәсіпорындармен келісімшарттар жасалып, қысқы кезеңге қажетті материалдар дайындалған.

в
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

– Қостанай облысын алсақ, онда дайындық жүз пайызға жуық. Құм мен тұз жеткізушілермен келісімшарттар бар. Яғни қыс басталғанда жұмыс істеуге дайынбыз. 31 желтоқсанға дейінгі қажеттілік қамтамасыз етілген. Жаңа жылдан кейін бюджетте қарастырылған қаржы есебінен жоспарлы сатып алулар жүргізіледі, – деді Марат Сүлейменов.

техника
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Оның айтуынша, «Қажсервис» қарауындағы қысқы техниканың да басым бөлігі дайын. Жалпы 1 830 техника бірлігінің 1 715-і қысқы жұмысқа әзір. Өңірлер бойынша көрсеткіш шамамен 97-98 пайыз.

с
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Қазір бірнеше жол пайдалану базасында жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Сонымен бірге кейбір өңірлерде қажетті техниканы толықтыру үшін жаңа машиналар жеткізіліп жатыр.

Жолға құм мен тұз не үшін себіледі

Баспасөз туры барысында журналистерге қар тазалайтын және жолға көктайғаққа қарсы материал себетін машиналар көрсетілді. Аралас жол машинасына құм мен тұз араласқан қоспа тиеледі. Оның құрамы ауа райына қарай өзгеруі мүмкін. Қардың қалыңдығы, жауын-шашынның қарқыны және ауа температурасы ескеріледі.

Машинаның артқы бөлігі жол бетіне дайын қоспаны біркелкі себеді. Бұл көктайғақ кезінде дөңгелектің жолмен ілінісуін жақсартуға арналған.

в
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Қар қалың түскен кезде бұрандалы роторлы техника іске қосылады. Ол жол жиегіне үйілген қарды жинап, бірнеше ондаған метр жерге лақтырып шығарады.

Мұндай машиналар әсіресе қар мол түсетін өңірлерде қолданылады. Мамандар оның Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жолдар үшін қажет екенін айтты.

Бір техника – бірнеше маусымға

Жол күтіміне арналған техниканың бәрі қыста ғана жұмыс істемейді.

Көктем шыққанда жол бетінде қалған құм-тұз қоспасын жинау үшін арнайы щеткалар мен жол сыпырғыш машиналар пайдаланылады. Кейбір машиналарда су шашатын жабдық бар.

а
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Жол бойындағы қоршаулар да тазаланады. Ал асфальт беті қоқыс пен қыс кезінде қалған материалдардан тазартылғаннан кейін жол белгілерін жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

техника
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Баспасөз турында шұңқырларды жөндеуге арналған арнайы техника да көрсетілді. Машина қиыршық тас пен эмульсия қоспасын қысыммен жолдағы ойыққа енгізеді. Бұл асфальт зауыттары толық жұмысын бастамай тұрған көктемгі кезеңде қолданылатын тәсілдердің бірі.

Жол қызметі цифрлық бақылауға көшіп жатыр

Жолды күтіп ұстау жұмыстарының тағы бір бөлігі – бақылау жүйесін өзгерту. Бұған дейін жол қызметкерлері атқарған жұмысты қағазға түсіріп, кейін оны әртүрлі арналар арқылы – электронды пошта, мессенджер немесе Excel кестелерімен жіберетін. Енді бұл мәліметтер бір жүйеге жинақталып жатыр.

Қызметкер жұмысқа шыққан уақытын, орналасқан жерін және жүріп өткен бағытын мобильді қосымша арқылы белгілейді. Жолдағы ақау, тазалау жұмысы немесе басқа да атқарылған жұмыс фото және бейнемен тіркеледі.

Жүйе интернет жоқ кезде де жұмыс істейді. Байланыс қалпына келген соң жиналған ақпарат орталық серверге жіберіледі. Қазір цифрлық патрульдеу жүйесіне компанияның 17 облыстық филиалы қосылған.

а
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Келесі кезеңде бұл жүйені 1403 байланыс орталығымен байланыстыру көзделіп отыр. Сонда жол пайдаланушысының өтініші диспетчерде тіркеліп қана қоймай, оны орындау да цифрлық жүйеде белгіленеді.

Мыңдаған техниканың қозғалысы бір жерден бақыланады

Жол қызметінің арнайы машиналарына GPS құрылғылары мен жанармай деңгейін көрсететін датчиктер орнатылып жатыр. Орталықтағы маман картадан техниканың қай жерде тұрғанын, қанша шақырым жүргенін, қанша уақыт қозғалыста болғанын көре алады.

Марат Сүлейменовтің айтуынша, бұл жерде машинаның үнемі қозғалып тұруы міндетті емес. Мысалы, қар тазалайтын техника белгілі бір учаскеде ұзақ уақыт жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан жүйедегі тоқтап қалу фактісін оның себебімен бірге қарау қажет.

а
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Компания болашақта жүргізушіні рейске жіберер алдындағы медициналық тексеруді де осы жүйемен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Жолда қалған көлікке көмек

Қазір Астана маңындағы екі бағытта арнайы пикаптар сынақ режимінде жүр. Оның ішінде ұсақ жөндеу жұмыстарына қажетті құралдар, аккумуляторды іске қосатын құрылғы, генератор, сүйреткіш арқан, авариялық белгілер және басқа да жабдықтар бар.

Көлік бұзылған немесе жанармайы таусылған жүргізуші 1403 нөміріне хабарласа алады. Оператор өтінішті қабылдап, көмек көрсету тобын жібереді.

а
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

– Бізде 1403 байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Күн сайын жолда көлігі бұзылған, жанармайы біткен немесе басқа да қиындыққа тап болған жүргізушілер хабарласады. Биыл екі пикапты сынақ ретінде іске қостық. Олар қажетті құралдармен жабдықталған. Қызмет тегін көрсетіледі, – деді Марат Сүлейменов.

Арнайы көліктердің бірінде байланыс нашар жерлерде жұмыс істеу үшін спутниктік байланыс жүйесі де бар.

Қазір бұл жоба Астана – Аршалы және Астана – Теміртау бағыттарында сынақтан өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, сынақ нәтижесіне қарай жүйені басқа жол учаскелеріне де енгізу мәселесі қаралады.

Қысқы жолдағы санитарлық жағдай

Қыс кезінде ауа райына байланысты кейбір жол учаскелерінде қозғалыс уақытша шектеледі. Осындай кезде жолда ұзақ тұрып қалған жүргізушілер үшін санитарлық жағдай жасау мәселесі де қарастырылған.

и
Фото: Әділ Нұртазин / Kazinform

Осы мақсатта қажетті учаскелерге жылжымалы санитарлық модульдер қойылады. Оларда ерлер мен әйелдерге арналған бөлек орын, су жүйесі және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бөлім қарастырылған.

Баспасөз туры барысында көрсетілген техника мен цифрлық жүйелердің бәрі бір ғана міндетке – республикалық жолдардың жұмысын ұйымдастыруға арналған. Ал оның қаншалықты нәтижелі болғанын жолдың өзі көрсетеді.

Айта кетейік, Президент жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек екенін айтқан еді.