Қысқы Азиада: Харбиндегі бас медиа орталығынан фоторепортаж
ХАРБИН. KAZINFORM – Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындары бүгін ресми ашылды. Осы орайда Kazinform тілшісі бас медиа орталығыған (БМО) фоторепортаж ұсынады.

Қысқы Азиа ойындарының бас медиа орталығы ашылу салтанаты өтетін Харбин халықаралық көрме және спорт орталығы жанында орналасқан. Орталық қысқы Азия ойындары үшін маңызды инфрақұрылымдық нысан саналады.

Бұл орталық жарыс барысында бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерге ақпарат тарату мен коммуникацияны қамтамасыз ету үшін арнайы құрылып отыр.

Бас медиа орталық екі бөлікке бөлінген: негізгі жаңалықтар орталығы және халықаралық хабар тарату орталығы.


Сондай-ақ тіркелген БАҚ тілшілері мен хабар таратушыларға қолдау көрсету үшін онлайн-жаңалықтар орталығы, баспасөз мәслихаты залы және сұхбат алаңы сияқты 11 функционалды аймақтары бар.


Харбин қысқы Азия ойындарынан 500-ге жуық БАҚ журналисі ақпарат таратып жатыр. Ал трансляция құқығы бар хабар таратушылардың саны 800-ден астам адамға жеткен. Олардың төрттен бірінен көбі немесе 200-ден астамы шетелдік БАҚ тілшілері.


Екінші қабаттағы мәдени көрме алаңында, қысқы Азия ойындарының даму тарихы мен тамаша жетістіктері көрсетілген.


Харбин қаласы – Қытайдың мәдени астаналарының бірі. Сондықтан көрме алаңында Қытайдың сурет өнері, музыкасы, би өнері мен ұлттық қолөнері, сондай-ақ аталған елдің қысқы спорттық мәдениеті көрермендерге кеңінен таныстырылған.


Орталықта журналистер үшін тамақтану орыны бар. Азия ойындарына қатысушы елдердің мәдениетіне құрмет көрсету мақсатында халал және вегетариандық тағамдар да ұсынылған. Сонымен қатар дәстүрлі қытай тағамы мен еуропалық тағам мәзірлері де бар.


Жұмыс үрдісі барысында журналистер мен медиа қызметкерлеріне тез дайындалатын тағамдар мен сусындар, ыстық шәй-кофе, жемістер және жеңіл тіске басар тәттілер қолжетімді.

Айта кетерлігі, орталықта интерактивті коммуникация жүйесі қолданылған. AI дикторлары — жасанды интеллектке негізделген жүйелер, олар мәтіндерді дыбыстау, ақпаратты нақты және жылдам жеткізу, сондай-ақ аудиториямен интерактивті байланыс орнату үшін қолданылады.


Харбин қысқы Азия ойындарына Азияның түрлі елдерінен келген журналистер ақпарат таратып жатыр. AI дикторы көптілді қолдауды ұсына алады, яғни қытай, ағылшын, орыс, жапон, корей және басқа да тілдерде ақпарат таратуға мүмкіндік береді. Бұл халықаралық аудиторияның барлығына қолжетімділікті арттырады.


Айта кетейік, бұған дейін Харбиндегі атлеттер қалашығы туралы жазған болатынбыз.