Қысқы Азия ойындары тарихында алғашқы алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы кім
АСТАНА. KAZINFORM – 1996 жылы Қазақстан алғаш рет тәуелсіз ел ретінде Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарына қатысты.

Харбинде отандастарымыз 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медальмен жалпы есепте жарыс қожайындарынан кейін екінші орынға жайғасты.
Конькимен жүгіруден 3 000 метрге сынға түскен Людмила Прокашева Қазақстан қоржынына тарихи алтын медальді алып берді.
– 1996 жылғы қысқы Азия ойындарына алғаш рет қатысқандықтан, барлығы беймәлім болды. Конькимен жүгіру спортынан Азиаданың алғашқы жүлдесі үлестірілгендіктен, мен 3 000 метр қашықтықта топ жардым. Одан кейін мені тоқтаусыз бір күн бойы құттықтады. Тіпті әлем чемпионатында жеңімпазды бұлай құттықтағанын көрген емеспін. Өзімді бейне Юрий Гагарин ретінде сезіндім, - деді Прокашева.
Айта кетейік, Людмила Прокашева спорттық мансабында Наганодағы қысқы Олимпиадада қола жүлде (1998), әлем чемпионатында күміс және қола медаль (1995, 1996), қысқы Азия ойындарында екі алтын медаль жеңіп алған.
Еске салсақ, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан 139 спортшы ел намысын қорғайды.
Осыған дейін Ақ Азияданың Харбин қаласындағы мұз спорты өтетін 5 арена және Ябули тау шаңғысы курортында қар спорты өтетін 8 жарыс алаңында өтетінін жазған едік.