Қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 51 медаль жиынтығы үшін күреседі

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда өтетін IX қысқы Азия ойындарына Қазақстаннан 138 спортшы барады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

Харбин
Фото: harbin2025.com

- 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин және Ябули қалаларында 9-қысқы Азия ойындары өтеді. Қысқы Азия ойындарының бағдарламасына 6 спорт түрі кіреді: коньки спорты, биатлон, керлинг, шаңғы спорттары, шайбалы хоккей, ски-альпинизм. Жалпы бағдарламада 11 спорттық дисциплина қамтылған. Ойындарға Азияның 32 елінен 1 000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады, - деді Е.Мырзабосынов.

Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы 6 спорт түрінен, 10 дисциплина бойынша жарыстарға қатысады. Команданың құрамы 138 спортшыдан құралған (72 ер адам және 66 әйел). Олар 51 медаль жиынтығы үшін күреседі.

- Салыстырмалы түрде қарасақ, 2017 жылы Саппорода (Жапония) өткен Азия ойындарына Қазақстаннан 116 адам қатысқан болатын. Қазақстан құрамасы 1996 жылдан бері қысқы Азия ойындарында үздік төрттік қатарында орын алып келеді. 2017 жылы Саппорода Қазақстан 32 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 4-орынды иеленді. 2025 жылы Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы Астана, Алматы қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысынан шыққан спортшылар. Ойындарға сапалы дайындық үшін ұлттық құрама 137 оқу-жаттығу жиынын өткізді, - деді министр.

Сонымен қатар, спортшылар 86 халықаралық жарысқа қатысты, онда 33 медаль жеңіп алды.

Бұған дейін IX қысқы Азия ойындарының билеттері сатылымға шыққанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар