Қысқы демалыс: мұз үстінде балық аулағанда нені ескерген жөн
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қысты мұз үстінде балық аулау үшін асыға күтетіндер бар. Алайда, бір сәттік қателік өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары мұз үстіндегі қауіпсіздік талаптарын еске салды.
— Табиғат аясында демалуды жақсы көретіндер қыста әдемі көріністің артында көзге көрінбейтін қауіп барын ескеруі қажет. Ол — жұқа мұз. Әсіресе қыс басталғанда және қазіргідей құбылмалы ауа райында мұздың беріктігіне сеніп, тәуекелге бару орынсыз.
Су айдындарындағы мұз біркелкі қатпайды. Қар астында мұздың жұқалығы байқалмай қалуы мүмкін. Ағысы қатты жерлерде, қамыс арасында, бұлақ көздері мен өзен құятын тұстарда мұздың беріктігі төмен болады. Сондықтан мұздың түсіне қарап қауіпсіз деп ойлауға болмайды, — дейді басқарма мамандары.
Мұз үстінде сақтықты ұмытпаңыз
Қыста балық аулауға шықпас бұрын ауа райын және су айдынының жағдайын ескерген жөн. Баратын жерді және қайтатын уақытты жақындарыңызға алдын ала хабарлаңыз. Бейтаныс аумаққа шыққанда ерекше сақ болыңыз.
— Мұз үстімен жүргенде қара түсті, жарықтары бар, өсімдіктер шоғырланған жерлерден аулақ болыңыз. Мұздың беріктігін арнайы мұз ойғышпен әр қадам сайын тексеріп отырыңыз. Егер соққыдан мұз тесіліп, су көрінсе, дереу келген ізіңізбен кері қайтыңыз.
Бірнеше адам болып мұз үстіне шыққан кезде арақашықтықты кемінде 5-6 метр сақтап, бір жерге топталып жиналмау қажет. Қыста балық аулауға жалғыз бармаған дұрыс. Сонымен қатар өзіңізбен бірге артық жүк алмаңыз. Сөмкені бір иыққа іліп алған жөн, себебі қауіп төнген жағдайда оны жылдам тастауға мүмкіндік болады, — деп ескертеді мамандар.
Қауіпсіздік үшін құтқару кеудешесін, мұздан өздігінен шығуға арналған арнайы құралдарды, 15-20 метрлік арқан мен ұялы телефонды алып жүру қажет. Мұздың сықырлауы, жарықтардың пайда болуы немесе ойықтан судың шығуы — қауіптің белгісі. Мұндайда уақыт жоғалтпай, қауіпсіз жерге қарай жылжу керек.
Мұз жарылса, не істеу керек?
Абайсызда мұз ойылып, суға түсіп кеткен жағдайда ең бастысы — үрейге бой алдырмау. Тезірек шығамын деп талпынған сайын, жағдай қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан қолды екі жаққа созып, мұздың шетіне тірелуге тырысыңыз. Мүмкіндігінше құлаған бағытқа қарай бұрылып, өйткені ол бұған дейін сізді көтерді, кеудеңізді мұз үстіне шығаруға әрекет жасаңыз. Аяқпен итеріле отырып, мұз бетіне абайлап шығыңыз.
Судан шыққан соң бірден тұруға болмайды. Етпетіңізден жатып немесе домалап, келген ізіңізбен жағаға қарай жылжыңыз. Қауіпсіз жерге жеткеннен кейін ғана орныңыздан тұруға болады.
Мұз астына түсіп кеткен адамға қалай көмектесу керек?
Мамандар мұз астына түсіп кеткен адамды байқасаңыз, дереу 112 нөміріне хабарласып, құтқарушыларды шақыруға кеңес береді. Көмек көрсетемін деп өз өміріңізді қатерге тікпегеніңіз жөн.
Суға құлаған адамға көмектесу үшін ұзын таяқ, тақтай, сырық немесе арқан пайдалануға болады. Оған мұз үстімен етпеттеп жақындап, қол-аяқты кеңірек созып қозғалу қажет. Мүмкіндігінше алдыңызға тақтай қойып, салмақты мұз бетіне біркелкі түсірген жөн. Қауіпсіз жерден зардап шеккен адамға арқан немесе таяқты ұсыныңыз. Мұз ойылған жердің шетіне тым жақын баруға және адамға қолыңызды тікелей созуға болмайды.
Адамды судан шығарғаннан кейін оны қауіпсіз жерге жеткізіп, жедел медициналық көмек шақыру қажет. Су болған киімдерін шешіп, құрғақ киіммен немесе жылы көрпемен жабыңыз. Денесін қатты ысқылауға, ыстық суға салуға және бірден қатты жылытуға болмайды.
— Мұз үстіндегі қауіпсіздік — әр адамның өз өміріне деген жауапкершілігі. Бір сәттік асығыстық пен орынсыз тәуекел қайғылы аяқталуы мүмкін. Мұздың қалыңдығын көзбен бағалау дұрыс емес, қауіпсіздікке бейжай қарамаңыз. Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыз. Сақтықта қорлық жоқ, — дейді басқарма мамандары.
Бұған дейін жұқа мұзда балық аулағандарға 7 АЕК айыппұл салынатынын жазған едік.
Ал ШҚО-да жұқа мұзға түсіп кеткен 9 жасар бала құтқарылған еді.