Kitapfest фестивалінде алматылық оқырманға мыңдаған кітап тарту етілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін Қазақстандағы жалғыз фестиваль - Kitapfest өтті. Жылдағыдай кітапсүйер қауым бір-біріне мыңдаған кітап сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2000 адам жиналған бұқаралық мәдени шара барысында жазушылар мен жас қаламгерлер, оқырмандар, кітапхана мен баспа саласы өкілдері өзара танысып, пікір алмасты.
Кітап көрмесінен бөлек, арнайы семинарлар мен лекциялар, белгілі блогер Алия Қадырова мен IBookYou жобасының авторы Марина Шәріпова, Айна Досмұхаметқызы және басқа да тұлғалар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Белгілі жазушылар Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы, Сәуле Досжанова, Гүлзада Ниетқалиева оқырмандарымен кездесіп, көкейкесті сауалдарына жауап берді.
«Kitapfest - алматылық оқырмандардың басты мәдени шарасы. Мұнда оқырман сүйікті жазушысымен кездесіп, өзара әңгіме құрады. Биыл қатысуға ниет білдірген дүкендер мен баспалардың саны да қуантты. Биыл 23 дүкен қатысып отыр», - деді ұйымдастырушылардың өкілі Майра Әлжанова.
Kitapfest келушілеріне орталықтандырылған кітапхана жүйесі тосынсый жасады. 2500 кітаптан шытырман жол жасалып, кейіннен кітаптар оқырмандарға таратылып берді.