Қытай 16 жылда алғаш рет мобилизация туралы заңын жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда «ҚХР-дың ұлттық қорғаныс мобилизациясы туралы» заңының жаңартылған нұсқасы 1 қазаннан бастап күшіне енді. Бұл туралы Бейжіңдегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі жергілікті билік органдарына сілтеме жасап хабарлайды.
2010 жылдан бері алғаш рет жаңартылған заң елдің әскери резервін жасақтау жүйесін өзгертті. Енді әскери есеп деректері тұрақты жаңартылып, қажет болған жағдайда азаматтық саладағы мамандар да әскери резервке тартылады. Осылайша, бұрынғы «резервистер» жүйесінің орнына резервті тұрақты қалыптастырып, қажет кезде толықтырып отыратын жаңа тәртіп орнықты.
Қытайда алғаш рет болашағы зор бағыттардағы мобилизациялық күштерді дамыту заңмен бекітіліп, озық технологиялар мен инновациялық әзірлемелерді қорғаныс саласына енгізу көзделген.
Сонымен қатар кәсіби-техникалық мамандарды даярлау және есепке алу тәртібі жаңартылады. Бұдан былай мамандарды тек әкімшілік-аумақтық қағидат бойынша емес, салалық және өндірістік жүйелер негізінде есепке алу қарастырылған. Бұл стратегиялық резервті қажетті мамандармен толықтырады және тиісті ресурстарды жедел жұмылдыруға мүмкіндік беретін тетіктерді қалыптастырады.
Жаңартылған заң азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғауға да басымдық береді. Мобилизация кезінде арнайы шараларды қолдануда қажеттілік пен тепе-теңдік қағидаты белгіленіп, алынған немесе пайдаланылған ресурстар үшін әділ өтемақы төлеу кепілдігі қарастырылған.
Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, өзгерістер ұлттық қорғаныс жүйесін жаңғыртып, қолданыстағы заңнаманы заманауи технологиялық талаптарға бейімдеуге және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Бұған дейін Қытайдың 2026 жылы қорғаныс шығындарын 7 пайызға арттыратыны хабарланған болатын.