Қытай 2030 жылға қарай жаңартылатын энергияны тұтынуды 1,5 млрд тонна көмір эквивалентіне дейін арттырады

Күн сәулелі энергия
Фото: chandlervid85/freepik

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Қытай билігі жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) көлікте, өнеркәсіп өндірісінде және ауыл шаруашылығында пайдалануды кеңейтпек, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Сәрсенбіде ҚХР Даму және реформалар істері жөніндегі мемлекеттік комитет жариялаған ЖЭК пайдалану туралы құжатта атап өтілгендей, Қытайдағы жаңартылатын энергияны тұтыну көлемі 2025 жылы 1,1 млрд тонна көмір эквивалентінен, ал 2030 жылға қарай – 1,5 млрд тоннадан асуы керек. 

Комитет негізгі салалардағы «жасыл» энергияны тұтынумен жаңартылатын энергияны жеткізуді теңестіруді және дәстүрлі қазба отындарын жаңартылатын энергиямен жүйелі түрде ауыстыруға ықпал етуді ұсынып отыр. 

Сонымен қатар, құжатта Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдермен жасыл энергетика саласындағы халықаралық практикалық ынтымақтастықты тереңдетуді жоспарлап отырғаны атап өтілген. 

2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдай бойынша, Қытайдағы ЖЭК жалпы қуаты 1,32 млрд кВт-қа жетіп, алғаш рет көмір энергетикасы секторы көрсеткішінен асып түсті.

Жалпы энергия тұтынудағы қазбалы емес энергия көздерінің үлесі 2012 жылғы 9,7%-дан 2022 жылы 17,5%-ға дейін өсті.

Соңғы жаңалықтар
telegram