Қытай 500 ірі жекеменшік кәсіпорынның рейтингін жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылдың қорытындысы бойынша тізімдегі алғашқы 110 компанияның операциялық кірісі 100 млрд юаньнан (шамамен 14,82 млрд доллар) асты. Бұл елдің жекеменшік секторының тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытай 500 ірі жекеменшік кәсіпорынның рейтингін жариялады
Фото: Синьхуа

Қытайдың Бүкілқытайлық өнеркәсіпшілер және саудагерлер федерациясы (БӨСФ) Қытайдың солтүстігіндегі Тяньцзинь қаласында жариялаған рейтингте алғашқы үш орынды JD.com, Alibaba (China) Co., Ltd. және Hengli Group Co., Ltd. компаниялары иеленді.

Бұл — БӨСФ-ның елдегі ірі жекеменшік кәсіпорындар арасында жүргізген 28-ші зерттеуі. Биыл зерттеуге 2025 жылдың қорытындысы бойынша әрқайсысының операциялық кірісі 1 млрд юаньнан асатын 6350 кәсіпорын қатысты. Аталған рейтинг олардың операциялық кірісі туралы деректер негізінде жасалды.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, 2025 жылы Қытайдың жекеменшік кәсіпорындары инновациялық әлеуетін, операциялық тиімділігін және негізгі бәсекеге қабілеттілігін арттыруды жалғастырған. Осылайша, сектордың жаңа әрі сапалы даму бағытына бет алғаны байқалады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдағы 500 ірі жекеменшік кәсіпорынның жиынтық операциялық кірісі 44,93 трлн юаньға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,35 пайызға өсті. Олардың жиынтық таза пайдасы 1,83 трлн юань болды. Оның ішінде 17 кәсіпорынның әрқайсысы 20 млрд юаньнан астам таза пайда тапқан.

Рейтингке енген өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өткен жылғы жиынтық операциялық кірісі 32,22 трлн юаньды құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,73 пайызға жоғары.

Елдегі 500 ірі жекеменшік кәсіпорын стратегиялық маңызы бар жаңа салалар мен болашақ индустрияларға белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Тиісті деректерді ұсынған компаниялардың ішінде 311 кәсіпорын стратегиялық маңызы бар жаңа салалардағы 679 жобаны іске асыруға қаржы бөлген. Ал 82 кәсіпорын болашақ индустрияларға қатысты 112 жобаны іске қосқан.

Инновация саласында да ірі кәсіпорындардың белсенділігі жоғары. Тиісті мәліметтерді ұсынған 500 компанияның ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсаған жалпы шығыны 1,26 трлн юаньды құрады. Бұл ретте ҒЗТКЖ-ға салынған инвестицияның орташа үлесі кәсіпорындардың кірісінің 2,95 пайызына тең болды.

Сонымен қатар елдегі 500 ірі жекеменшік кәсіпорынның өткен жылы төлеген салықтарының жалпы көлемі 1,3 трлн юаньды құрады.

Бұдан бұрын Қытай орбитада өсімдіктің 14 түріне жататын 20-дан астам сұрыпты өсіргенін жазғанбыз.