Қытай 9 жылдан кейін алғаш рет суперкомпьютерлердің әлемдік рейтингінде көш бастады

АСТАНА.KAZINFORM — Қытайдың LineShine есептеу кластері шетелдік баламаларын басып озып, тұрақты өнімділігі 2 эксафлопстан асқан әлемдегі алғашқы орталық процессорға негізделген жүйе атанды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі хабарлады. 

Қытай 9 жылдан кейін алғаш рет суперкомпьютерлердің әлемдік рейтингінде көш бастады
Фото: CCTV

22–26 маусым аралығында Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан суперкомпьютерлер жөніндегі халықаралық конференцияда жаңартылған TOP500 жаһандық рейтингі жарияланды. Оның жаңа көшбасшысы Қытайдың Шэньчжэнь ұлттық суперкомпьютерлік орталығы базасында іске қосылған LineShine суперкомпьютері болды.

Жаңа жүйе 2024 жылдың соңынан бері рейтингтің бірінші орнында тұрған америкалық El Capitan кешенін екінші орынға ығыстырды. Осылайша, Қытай жоғары өнімді есептеулер саласындағы технологиялық көшбасшылық мәртебесін 2017 жылдан бері алғаш рет қайтарды. Сол кезде рейтингтің көшін Sunway TaihuLight бастап тұрған еді.

Қытайлық жүйе нақты өнімділік бойынша 2,19 эксафлопс көрсеткішіне қол жеткізді. Нәтижесінде LineShine тұрақты өнімділігі 2 эксафлопс шегінен асқан әлемдегі алғашқы суперкомпьютер атанды.

Шэньчжэнь ұлттық суперкомпьютерлік орталығының мәліметінше, жаңа жүйе толықтай отандық технологиялар негізінде жасалған. Құрылғы Қытайда әзірленген LX2 процессорымен жұмыс істейді. Сондай-ақ жоғары өткізу қабілеттілігі бар алғашқы ұлттық жад жүйесін (HBM) пайдалану деректер алмасу жылдамдығын 10 есеге арттыруға мүмкіндік берген.

Қазіргі уақытта LineShine есептеу қуаты Қытай экономикасының нақты секторында пайдаланылып жатыр. Суперкомпьютер ресурстары ауқымды цифрлық егіздерді жасауға, климаттық өзгерістерді жоғары дәлдікпен модельдеуге, сондай-ақ материалтану, нейроғылым, фармакология және іргелі зерттеулер салаларындағы ғылыми жобаларға жұмылдырылған.

Еске салсақ, бұған дейін елдегі суперкомпьютер қай салалардағы мәселелерді шешуге ықпал ететіні туралы жазған едік