Қытай АҚШ 66 халықаралық ұйымнан шыққаннан кейін мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ 66 халықаралық ұйымнан шыққаннан кейін Қытай БҰҰ-ны қолдайтынын растайды. Бұл туралы бейсенбі күні ҚХР СІМ ресми өкілі Мао Нин айтты, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытай әрқашан көпжақты ынтымақтастық принципін ұстанатынын, халықаралық істерде БҰҰ-ның орталық рөлін қолдайтынын және халықаралық қауымдастықпен бірге жаһандық басқарудың әділ әрі ақылға қонымды жүйесін құруға ат салысатынын хабарлады.
Ол брифингте АҚШ президенті Дональд Трамптың 31 БҰҰ құрылымы мен 35 БҰҰ жүйесіне кірмейтін ұйымдардан тұратын 66 халықаралық ұйымнан елін шығару туралы меморандумға қол қойғанын тілге тиек етті.
— АҚШ осындай ұйымдардан алғаш рет шығып жатқан жоқ, — деді Мао Нин.
Мао Ниннің сөзінше, халықаралық ұйымдар мен көпжақты институттар бір мемлекеттің жеке мүддесін қорғайтын құрал емес, барлық мүшенің ортақ мүддесін қорғауға арналған.
— Бұл халықаралық жүйенің, БҰҰ-ны өз орталығы ретінде ұстап, 80 жылдан астам уақыт бойы әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге және барлық елдің тең құқықтары мен мүдделерін қорғауға қызмет ететінін көрсетеді, — деп атап өтті Мао Нин.
Мао Нин атап өткендей, халықаралық қатынастарда болып жатқан оқиғалар көрсетіп отыр: көпжақты жүйе дұрыс жұмыс істесе, күшті әрқашан дұрыс деген «орман заңының» үстем болуына жол бермейді. Қазір бұл әсіресе кішкентай және экономикалық дамуы төмен елдер үшін өте маңызды».
Еске салсақ, АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымына кірмейтін 35 халықаралық ұйымнан, сондай-ақ АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне қайшы әрекет етеді деп есептелетін БҰҰ-ның 31 құрылымынан шығуы туралы жарлыққа қол қойды.
Кейіннен АҚШ шығып жатқан 66 халықаралық ұйым, конвенциялар мен шарттар тізімі жарияланды.