Қытай әлемдік ЖИ нарығында АҚШ-ты басып озуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай жасанды интеллект технологияларын әлемдік ауқымда тарату және қолдану жағынан АҚШ-ты басып озуы ықтимал. Бұл туралы Bloomberg агенттігінің шолушысы Хэл Брендс пікір білдірді, жеп хабарлайды ТАСС.
АҚШ негізінен ең озық ЖИ-модельдерді әзірлеуге басымдық берсе, Қытай бұл технологияларды экономиканың және мемлекеттің күнделікті жұмысына енгізуге күш салып отыр. Сонымен қатар, Қытай өз әзірлемелерін жекеменшік стартаптарда қолдануға рұқсат береді және «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы мен өзге де бағдарламалар арқылы ЖИ-модельдерін әлемге таратуды көздейді.
Брендстің пікірінше, қазіргі таңда ЖИ технологиялары жарысында көш бастап тұрған АҚШ-тың позициясы Дональд Трамптың саясатына байланысты өзгеруі мүмкін. Мәселен, Сауд Арабиясы мен БАӘ аумағында ЖИ әзірлеуге арналған америкалық деректер орталықтарын салу келісімдері бар. Бұл орталықтар Иран шабуылдарының нысанасына айналуы мүмкін және ЖИ жасауға қажетті ең жаңа жартылай өткізгіштердің Қытайға заңсыз өту қаупін туғызады.
Автордың айтуынша, Трамп қазірдің өзінде қытайлық технологиялардың дамуына ықпал еткен. Ол америкалық Nvidia компаниясына Қытайға чип сатуына мүмкіндік берді. 9 тамызда АҚШ Сауда министрлігінің өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы Nvidia-ға H20 чиптерін Қытайға жеткізуге лицензия берді. Бұған дейін Трамп ҚХР-ға технология экспортын шектеуді сауда келісіміне қол жеткізу үшін уақытша тоқтатқан еді.
Сонымен бірге, 24 шілдеде АҚШ президенті елдегі ЖИ технологияларын дамытуға және олардың негізінде жасалған түрлі өнімдерді экспорттауды арттыруға бағытталған үш атқарушылық жарлыққа қол қойды.
Айта кетелік Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша жиын өткізді.