Қытай алтын қорын соңғы үш жылдағы рекордтық қарқынмен ұлғайтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық банкі қыркүйек айында алтын қорын 740 мың трой унцияға (шамамен 23 тонна) арттырды. Бұл соңғы үш жылдағы бір ай ішіндегі ең жоғары өсім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.
Қытай Орталық банкінің алтын қоры қыркүйек айының соңында 77,47 млн трой унцияға жетті. Бұл туралы реттеуші органның деректерінде көрсетілген.
Қытайдың орталық банкі бағалы металды сатып алу қарқынын қатарынан үшінші ай үдетіп отыр. Шілде айында алтын қоры 640 мың унцияға, ал тамызда тағы 650 мың унцияға өсті.
Сонымен қатар Қытайдың алтын қорының доллармен есептегендегі құны бір айда 7,6%-ға төмендеп, тамыз айының соңындағы 350,08 млрд доллардан 323,52 млрд долларға түсті. Алтынның физикалық көлемі өскен кезде оның құнының төмендеуі әлемдік алтын бағасының өзгеруі мен активтерді қайта бағалауға байланысты.
Қаңтар айының соңынан бері Қытай Халық банкінің алтын қоры 3,28 млн унцияға (шамамен 102 тонна) ұлғайды. Бұл физикалық көлемнің 4,4%-ға өскенін көрсетеді.
Бұған дейін Қытайда 8 мың метрлік ұңғыманы бұрғылау аяқталғаны туралы жазған едік.