Қытай әскері Тайвань маңында бірлескен оқу-жаттығу өткізіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Халық-азаттық армиясының Шығыс өңірлік қолбасшылығы Тайвань аралының маңында құрлық, теңіз, әуе және зымыран күштерінің қатысуымен бірлескен оқу-жаттығу өткізуде. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

Шығыс өңірлік қолбасшылығының ресми өкілі Ши И 1 сәуірден бастап әскери округтің құрлық, теңіз, әуе және зымыран күштері Тайвань аралына тақау аймақта көпжақты теңіз және әуе патрульдерін ұйымдастырып, жедел ұрыстық дайындық, кешенді үстемдікке қол жеткізу, теңіз бен құрлықтағы нысандарға соққы жасау, маңызды су айдындары мен арналарын бақылауға алу сияқты тактикалық жаттығулар өткізетінін хабарлады. Бұл жаттығулар қарулы күштердің бірлескен жауынгерлік дайындығын тексеруге бағытталған.
ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Тайвань істері жөніндегі кеңсесінің ресми өкілі Чжу Фэнлянь бүгін кезекті оқу-жаттығу Тайвань жетекшісі Лай Циндэ мен оның «тәуелсіздікке» ұмтылған «далбаса әрекетіне» берілген қатаң жауап әрі Тайвань бұғазының бейбітшілігіне әдейі қауіп төндіріп отырған сепаратистік күштерге жасалған қатал ескерту екенін мәлімдеді.
Чжу Фэнляньның айтуынша, Лай Циндэ «Тайвань тәуелсіздігі» ұстанымынан бас тартпай, материктік Қытайды ашықтан-ашық «шетелдік жау күші» деп атап, қайдағы бір «17 тармақты стратегияны» көлденең тартып, материктік Қытайға қарсы насихатты үдетіп, екіжақты байланысқа тосқауыл қойып, Тайвань бұғазындағы шиеленісті күшейтіп отыр.
Чжу Фэнлянь «Тайвань тәуелсіздігінің» соғыс шақыратынын, Тайвань халқына қауіп пен қатер әкелетінін баса айтты.
Оның айтуынша, Қытайдың Тайвань мәселесін шешу мен Отанды қайта біріктіру жолындағы ұстанымы болаттай берік, ешбір күштің Тайваньды Қытайдан бөліп әкетуіне жол берілмейді, «тәуелсіздікті» жақтайтын кез келген сепаратистік әрекетке мүмкіндік жоқ.
Ал Тайваньның «Қорғаныс министрлігі» сейсенбі күні жариялаған мәлімдемеге сәйкес, 31 наурыз таңғы сағат 6:00-ден 1 сәуір таңғы сағат 6:00-ге дейін Халық-азаттық армиясының 19 әскери кемесі Тайвань аралының маңына таяп барған. Сондай-ақ, Қытайдың «Шаньдун» авианосецтер тобы да алғаш рет Тайваньның жедел әрекет аймағына із тастады. «Тайвань әскері» әуе және теңіз күштері мен жағалаудағы зымыран жүйесі арқылы жағдайды мұқият бақылап отыр.
Мәлімдемеде Тайвань «қарулы күштерінің» жағдайды бақылау үшін барлау жүйесі мен жедел әрекет механизмін де іске қосқаны хабарланды.
Мәлімдемеде Тайваньға төнген қауіптің күн санап артып келе жатқаны атап өтілді.
-Тайвань әскері аралды қорғауға тас-түйін дайын отыр, біз «қақтығысты ушықтырмау, жанжал тудырмау» қағидатын ұстанып, сұр аймақтағы ықтимал шабуылға салқын сабырмен лайықты жауап береміз,-делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ онда Тайвань тарабы аралдың қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз етуге толық дайын екені айтылған.
Айта кетсек, бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь бір ғана Қытай барын, Тайвань Қытайдың бір бөлігі екенін және Қытай Халық Республикасының үкіметі — бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет екенін тағы бір атап өткен болатын.
Осыған дейін Қытайдың ЖИ-мен жабдықталған ұзақ қашықтыққа ұшатын аппарат шығарғаны туралы жаздық.