Қытай астанасында мамырдан бастап дрондарға толық тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Бейжің қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, «Бейжің қаласында пилотсыз ұшу аппараттарын басқару туралы ереже» 2026 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енеді.
Жаңа талапқа сай, Бейжің қаласының бүкіл аумағы дрондар үшін бақылаудағы аймақ деп белгіленіп, ашық кеңістікте ұшыру үшін алдын ала рұқсат алу міндеттеледі.
Құжатқа сәйкес, қала аумағында — мейлі ол саябақ, туристік орын немесе қала сыртындағы ашық алаң болсын — арнайы рұқсатсыз дрон ұшыруға болмайды.
Сондай-ақ жаңа ережеде дрондар мен олардың негізгі бөлшектерін Бейжіңге алып кіруге де тыйым салынған. Бұл талап пойызбен, ұшақпен, автобуспен немесе жеке көлікпен келетін барлық азаматқа қатысты. Егер біреу дронды қала сыртына алып шығып, кейін қайта кіргізгісі келсе, алдын ала полиция органдары арқылы ақпараттық тексеруден өтуі қажет.
Тағы бір маңызды өзгеріс — Бейжің аумағында дрондар мен олардың бөлшектерін сатуға немесе жалға беруге толық тыйым салынады. Бұл талап тек дүкендерге ғана емес, онлайн сауда платформаларына да қатысты. Ерекше жағдайларда ғана, қауіпсіздік тексерісінен өткеннен кейін арнайы рұқсат берілуі мүмкін.
БАҚ мәліметінше, осы өзгерістерге байланысты DJI компаниясы 1 мамырға дейін Бейжің нарығынан дрон өнімдерін толық алып тастауды жоспарлап отыр. Осыдан кейін қалада дрон сатып алу немесе жеткізу мүмкін болмайды.
Бейжің қала әкімдігі бұл шараларды төменгі әуе кеңістігіндегі қауіпсіздікті күшейтуге және дрондарды пайдалануды реттеуге бағытталған деп мәлімдейді. Ал мамыр мерекелері жақындап келе жатқанын ескерген билік өкілдері азаматтарды сапар алдында дрон қолдануға қатысты талаптарды алдын ала тексеріп, заң бұзушылыққа жол бермеуге шақырады.
Осыған дейін Қытайда бастауыш және орта мектеп оқушыларының жартысынан көбі жасанды интеллектті пайдаланатынын жаздық.