Қытай автокөлік қауіпсіздігіне қойылатын талапты қатайтпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі жаңа көліктерді өндіруге қатысты ережелерді қатайтып, қауіпсіздік пен экологиялық тәуекелдерді азайту үшін автомобиль компанияларынан нарыққа шығарар алдында көлікке орнатылған жаңа технологиялар мен инновацияларды қатаң сынақтан өткізуді талап етпек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Қытай автокөлік қауіпсіздігіне қойылатын талапты қатайтпақ
Фото: Берік Табынбаев / Kazinform

ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігі мен Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқарманың басшылығымен төрт ведомство әзірлеген құжат жобасына сәйкес, автоөндірушілерге көлік модельдерін сертификаттау және оларды мемлекеттік каталогқа енгізу бойынша жаңа талаптар қойылады.

Мемлекеттік орган өкілдері технологиялық инновациялардың жылдам дамуы және жаңа өнімдерді нарыққа шығарудағы асығыстық салдарынан көліктер жеткілікті деңгейде сынақтан өтпей жатқанын, бұл тұтынушылар мен қоршаған орта үшін жасырын тәуекелдер тудыратынын атап өтті.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап автоөндірушілер инновациялық жүйелердің, атап айтқанда, бағдарламалық және аппараттық шешімдердің кеңейтілген параметрлерін, сондай-ақ оларды сенімділігі, қоршаған ортаға бейімделуі және беріктігі бойынша егжей-тегжейлі сынақтан өткізу туралы есептерін ұсынуға міндеттеледі.

Қазір сатылып жатқан модельдердің жоғарыда аталған талаптар бойынша қосымша қауіпсіздік деректерін ұсыну үшін автоөндірушілерге 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін мерзім беріледі. Егер сынақ кезінде құрылымдық ақаулар анықталса, компаниялар өндірісті дереу тоқтатып, сатылымға шығарылған көліктерді кері қайтаруы қажет.

Автомобиль компанияларына бұдан былай жүргізушіге көмек көрсету жүйелері мен автопилот мүмкіндіктерінің жалған немесе әсіре жарнамалауға, жол ережесі бұзылған жарнамаларды пайдалануға тыйым салынады. Сатып алушыға технологиялардың шектеулері туралы нақты ақпарат берілуі тиіс.

Билік күтпеген уақытта зауыттарды тексеруді күшейтпек. Сондай-ақ краш-тестілерді бейнеге түсіруді пысықтау талаптары қойылып, жалған есептерді ұсынған компанияларға қатаң санкциялар тағайындалады, тіпті олар сауда лицензияларынан біржолата айырылуы да мүмкін.

Құжат жобасы жөнінен қоғамдық талқылау 2026 жылдың 10 қарашасына дейін жалғасады.

Бұған дейін Қытай автомобиль компанияларына бағаны сәйкестендіру талабын қойған болатын.

Германияның автокөлік өнеркәсібі бәсекедегі орнын жоғалтып жатыр.