Қытай автокөлік өндірушілерінің төлем тәртібін қадағалайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай билігі жеткізушілерге тиесілі төлемдердің уақытында аударылуын қадағалау үшін BYD, Geely, Li Auto, Xiaomi және NIO сынды елдің 17 ірі автокөлік өндірушісінің төлем тәртібіне жыл сайын аудит жүргізбек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Китай проверит автопроизводителей на задержки выплат поставщикам
Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Тексеруді Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығы (CAAM) жүргізеді. Бұл туралы ұйымның хабарламасында айтылған. http://www.caam.org.cn/chn/5/cate_68/con_5237404.html Аталған бастама автоконцерндердің жеткізілген тауарлар ақысын төлеу мерзімін шектеу жөніндегі міндеттемелерді орындауын бақылауға бағытталған.

CAAM мониторинг барысында автокөлік өндірушілерінің цифрлық есеп жүйелерін пайдалануын, серіктестерімен кемінде бір жылдық келісімшарт жасасуын және төлемді 60 күн ішінде жүргізу талабын сақтауын тексереді.

Сондай-ақ шағын және орта бизнеске төленетін қаражаттың уақытында аударылуына басымдық беріледі. Мұндай есеп айырысу коммерциялық вексельдермен емес, тек ақшалай түрде жүргізілуге тиіс. Қытайда вексельдер төлем мерзімін кейінге қалдыру үшін кеңінен қолданылады.

Ал автокөлік өндірушілері есеп айырысу туралы мәліметті жылына екі рет – 31 қаңтар мен 31 шілдеге дейін тапсыруға тиіс. Мәліметтердің дұрыстығын тексеру үшін қауымдастық 17 автоконцерннің әрқайсысымен жұмыс істейтін кемінде 15 жеткізушіге барып, келісімшарттарды, шот-фактуралар мен төлем тапсырмаларын салыстырады.

Мониторинг нәтижесінде реттеуші органдар төлем тәртібіне қатысты жыл сайын рейтинг жариялайды. Ал кредиторлық берешегі көп, шағым жиі түсетін немесе төлемді әдейі кешіктіретін компанияларға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі.

Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігінің мәліметінше, билік автокөлік өндірісі саласындағы бәсекелестікті реттеуге баса назар аударып, сала кәсіпорындарымен тұрақты кеңес өткізу тетігін енгізген.

Бұған дейін Қытай автомобиль компанияларына бағаны сәйкестендіру талабын қойғаны хабарланған болатын.