Қытай чипке салынған санкцияларға жауап ретінде АҚШ-қа галлий, германий және сурьма экспорттауға тыйым салды

АСТАНА.KAZINFORM — Қытай чиптерге қойылған шектеуге байланысты АҚШ-қа галлий, германий, сурьма және басқа да пайдалы қазбалар экспорттауға тыйым салатынын мәлімдеді, деп жазады The Hill.

АҚШ-қа галлий, германий және сурьма экспорттауға тыйым салды
Фото: myind.net

Қытайдың Сауда министрлігі бұл қадамға Вашингтон экспорттық бақылауға жататын қытайлық компаниялар тізімін компьютерлік чиптер шығаратын жабдықты, бағдарламалық қамтамасыз ету және өткізу қабілеттілігі жоғары жад микросхемаларын кеңейткеннен кейін барды.

Сауда шектеулерінің күшеюі жаңадан сайланған президент Дональд Трамптың Қытайдан және басқа елдерден импортталатын тауарларға баж салығын күрт көтерумен қорқытуымен байланысты, бұл өз кезегінде сауда мен технологиялық шиеленісті күшейтуі мүмкін.

— Қытай жартылай өткізгіштерді экспорттауды бақылауды жаңартуға, қытайлық компанияларға қарсы санкцияларға және Қытайдың технологиялық прогресінің қасақана жолын кесуге байланысты АҚШ-қа қатаң наразылық білдірді, — деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лин Цзянь.

2023 жылдың шілдесінде Қытай экспорттаушылардан галлий мен германий сияқты стратегиялық материалдарды АҚШ-қа жөнелтуге лицензия алуды талап ететінін айтты. Тамыз айында Қытайдың Сауда министрлігі аккумулятордан қару-жараққа дейінгі өнімдердің кең ауқымында қолданылатын сурьманы экспорттауды шектейтінін және графит экспортына қатаң бақылау орнататынын мәлімдеді.

Мұндай пайдалы қазбалар ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды. Қытай — жалынға қарсы заттарда, батареяларда, түнде көретін көзілдіріктерде және ядролық қаруда қолданылатын сурьманың негізгі өндірушісі.

Бейжің сейсенбіде жариялаған шектеулерге гауһар тастар және басқа тығыз синтетикалық материалдар сияқты өте қатты материалдар экспорты да кіреді. Олар кескіш құралдар, дискілі тежегіштер және қорғаныс жабындары сияқты көптеген өнеркәсіпте қолданылады.

Соңғы жаңалықтар