Қытай экономикасында не өзгеріс болып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі айлардың ішінде Қытай экономикасын ынталандыруға бағытталған күш-жігерін жандандыра түсті. Атап айтар болсақ, міндетті резерв нормасын төмендету жоспарын жария етті. Бұл жайт қаржы нарығына өтімділігі ұзақ мерзімді шамамен 1 трлн юань (шамамен 141,78 млрд доллар) бөлуге мүмкіндік береді. Мемлекет мұнан өзге қандай шаралар топтамасын ұсынып отырғанын және олар әлемдегі екінші экономиканың қор нарығына, жылжымайтын мүлік секторы мен тұтынушылық шығыстарына қалай ықпал ету мүмкіндігін Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі зерделеп көрген еді. 

Қытай экономикасында не өзгеріс болып жатыр
Коллаж: Kazinform/ freepik

ЖІӨ өсімі – 5 пайыз

Әдеттегідей, Қытай Халық Республикасының 2024 жылға арналған экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін Мемлекеттік кеңес премьері Ли Цян 5 наурызда өткен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының жыл сайынғы сессиясы барысында жария еткен болатын. Онда төмендегі көрсеткіштер межеленді: 

ЖІӨ өсімі шамамен 5 пайыз болады;

қалалар мен ауылдардағы жұмыспен қамтылған тұрғындардың артуы 12 млн адамнан асып түседі;

жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құрайды;

тұтынушылық баға индексінің өсімі шамамен 3 пайыз деңгейінде болжанады.

ЖІӨ-ге қатысты бюджет тапшылығы 3 пайыз деңгейінде жоспарланып, тапшылықтың жалпы көлемі 4,06 трлн юаньды (шамамен 572 млрд доллар) құрайды.

ЖІӨ
Фото: freepik

Айрықша екпін ішкі сұранысты кеңейтуге берілді. Мұның үстіне, 2024 жыл Тұтынуды ынталандыру жылы деп жарияланды. Баяндамада трейд-ин сызбасымен тауар сатып алуды көтермелеу және ынталандыру, электр энергиясымен жүретін көліктерге, электронды өнімдерге және ұзақ пайдаланылатын өзге де тауарларға сұранысты жандандыру және ынталандыру қажеттілігі атап өтілді.

«Агрессивті» ынталандырушы шаралар

Қыркүйек айының соңында Қытай билігі бизнесті қолдауға және нарық болжалын арттыруға бағытталған бірқатар қосымша шараны енгізген болатын. Қытай халық банкі «агрессивті» ынталандырушы шаралардың жаңа бөлігі жайлы жария етті. Бұл CSI 300 базалық индексінің кейінгі 16 жылға жуық уақыттың ішінде алғаш рет ең үлкен апталық өсіміне түрткі болды.
Қытай халық банкінің бұл шаралары жылжымайтын мүлік секторының ұзақ уақытқа созылған баяулауынан әлсіреген экономиканы қолдауды күшейту аясында тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық несие бойынша мөлшерлемені төмендетуді және негізгі мөлшерлемені қысқартуды қамтиды. Сонымен қатар қаржы нарығын қолдау үшін жаңа құралдары енгізу жоспары да жария етілген болатын.

Қытай орталық банкі басшысы Пань Гуншэн брифинг барысында міндетті резерв нормасын төмендету жоспары жайлы мәлімдеді. Бұл шара қаржы нарығына өтімділігі ұзақ мерзімді шамамен 1 трлн юань (шамамен 141,78 млрд доллар) бөлуге мүмкіндік береді. Қытай халық банкі де банк жүйесінде ақылға қонымды және жеткілікті өтімділікті қолдау үшін 300 млрд юань (шамамен 42,73 млрд доллар) сомасына орташа мерзімді несиелеу (MLF) тетігін іске қосты. 

Қазан айының соңына Қытай базалық мөлшерлемені 25 тармаққа төмендетті. Қаржы сарапшыларының атап өтінше, бұл шаралар Қытай экономикасының өсімін септігін тигізетін болады. Ұлттық банкаралық қаржыландыру орталығының дерегіне сәйкес, бір жылдық мерзімге базалық мөлшерлеме (LPR) бұрынғы 3,35 пайыздық мәннен 3,1 пайызға дейін, ал 5 жылдан асатын мерзімге арналған базалық мөлшерлеме 3,6 пайызға (бұрын 3,85 пайыз болған) дейін төмендетілді. Бұл төмендеу биыл осымен үшінші рет жүзеге асырылды және ең елеулісі болды.

Global Times басылымы E-house China Шанхай ғылыми-зерттеу институтының вице-президенті Ян Юэцзиньнің:

- Даму жөніндегі жоғары сапалы шаралармен қатар мөлшерлемелерді де түзету жалпы алғанда экономиканың тұрақты өсіміне септігін тигізеді, - деген сөзін мысалға келтіреді.

Жергілікті үкіметтердің қарыз проблемасын шешу үшін – 1,4 трлн доллар

Қарашада жергілікті үкіметтердің борыш проблемасын шешу үшін 10 трлн юань (шамамен 1,4 трлн доллар) мөлшерінде 5 жылға арналған шаралар топтамасы жарияланды. 14-шақырымдағы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің 12-сессиясы қорытысында Қытай заң шығарушылары жинақталған жасырын қарыздарды алмастыру үшін жергілікті үкіметтердің 6 трлн юань (шамамен 840 млрд доллар) қарыз міндеттемелерінің шекті деңгейін көтеру туралы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің ұсынысын мақұлдады. Бағдарлама 2024-2026 жылдары кезеңіне есептелген.

ақша
Фото: freepik

Қарыз лимитінің 6 трлн юаньға артуына қосымша жергілікті биліктер жергілікті облигациялардың тағы 4 трлн юань арнауыл квотасын да пайдалана алады. Ол 2024 жылды қоса алғанда, келесі 5 жыл бойы жыл сайын ұсынылады.

Ресми дерекке сәйкес, 2023 жылдың соңында Қытайдағы жасырын қарыз көлемі 14,3 трлн юаньды (қазіргі бағаммен шамамен 2 трлн доллар) құрады.

Жылжымайтын мүлік нарығы қалай тұрақтандырылады

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қытай экономикасының іргетасы саналып келген жылжымайтын мүлік секторы биыл құлдырап кетті. Қытай билігі жылжымайтын мүлік нарығын жандандыру үшін кейінгі айларда ипотекалық несие мөлшерлемесін қысқартуды, алғашқы жарна талаптарын төмендетуді және сатып алуға шектеулерді жеңілдетуді қоса алғанда бірнеше шара қабылдады.

ҚХР Тұрғын үй құрылысы және қала мен ауылдарды дамыту министрі Ни Хунның хабарлауынша, аяқталмаған тұрғын үй жобаларын жүзеге асыру үшін несие квотасы 2024 жылдың соңына қарай 4 трлн юаньға (шамамен 561 доллар) дейін арттырылмақ. Оның атап өтуінше, қаржыландыру құқығы бар аяқталмаған құрылыс жобаларының саны артады. Сонымен қатар оның бағалауынша, жыл соңына банктік несиелеу көлемі 4 трлн юаньға дейін ұлғаяды.
Бұған қоса, Қытайның бейіндік ведомствосы тағы да 1 млн үйді жөндеу және «таза тізімдегі» жылжымайтын мүліктерді сату бойынша жобаларды несиелеуді кеңейту жоспарын ұсынды.

- Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығы бірқатар саяси шараның әсерімен 3 жылдық түзетулерден кейін құлдырау түбіне жетіп қалды. Біз жылжымайтын мүлік нарығы құлдырауын тоқтатып, тұрақтанатынына сенімдіміз, - деп мәлімдеді министр.

Оның пайымынша, жылжымайтын мүлік нарығы үшін мөлшерлемені төмендету баспананы сатып алу құнын айтарлықтай төмендетіп, ай сайынғы төлемге қысымды қысқартады.

Жылжымайтын мүлік нарығы қалай тұрақтандырылады
Фото: pixabay

Қытайдың ірі мегаполистерінің, оның ішінде Бейжің, Шанхай, Шэньчжэнь қалаларының билігі 1 желтоқсаннан бастап жылжымайтын мүлік сату салығын төмендетті. Бұл шара баспана нарығындағы сұранысты арттыру мақсатында қабылданды. Жаңа ережеге сәйкес, бірыңғай салық мөлшерлемесі енді 1 пайызды құрайды.

Сонымен қатар қытай мегаолистерінің билігі жеке тұлғаларды меншігінде 2 жылдан астам уақыт болған таңдаулы жылжымайтын мүліктерін сату кезінде 5 пайыз ҚҚС төлеуден босатуды жоспарлап отыр. Қытайда тұрғын-жай ауданы 144 шаршы метрден асатын баспана таңдаулы саналады.

Болжам

Goldman Sachs Қытайдағы экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған таяудағы шаралардың негізінде 2024 және 2025 жылдарға арналған елдің экономикалық өсім болжамын арттырды. Оның мәліметіне сәйкес, 2024 жылы ҚХР-дың жалпы ішкі өнімі 4,9 пайызға артады. Бұған дейінгі болжам 4,7 пайыз болған еді. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,7 пайыз болмақ.

- Қытайдағы ынталандыру шараларының соңғы раунды саясаткерлер циклдік саясатпен басқару жолынан тежеліп, экономикаға үлкен назар аударғанын анық көрсетеді, - деп мәлімдеді Goldman Sachs экономистері.

Қытайда жоғары технологиялық өнідіріс пен қызметтер секторына инвестиция күрт артты. Бұл жайт «жасыл» технология, цифрлық экономика және заманауи инфрақұрылым сынды секторлардың дамуына, сонымен қатар жаһандық өндірістік тізбектің тұрақтылығының артуы мен жаңғыруына септігін тиігізді.

Қытай
Коллаж: freepik

Қазанда елдің өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық салаларындағы қосылған құн жылдық мәнде 9,4 пайызға артты. Ал ұшқышсыз ұшу аппараттары, жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдер (NEV) мен күн батареялары өндірісіндегі қосылған құн сәйкесінше 41,9 пайыз, 48,6 пайыз және 13,2 пайызға өсті.

Биыл 10 айда Қытайда NEV көліктерін өндіру артып, 9,7 млн бірлігі сатылды. Осы жылдың тек қазан айында ғана ішкі нарықта сатылған көліктердің 46,5 пайызы NEV үлесіне тиесілі болды.

Экономикалық өсімнің негізі саналатын сыртқы сауда да экономиканың ұлғаюында маңызды рөл атқарды. Қытай бас кеден басқармасының соңғы мәліметіне қарағанда, 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында сауданың жалпы көлемі 32,33 трлн юаньға (4,57 трлн доллар) жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайыздық өсім көрсетті.

Қытайдың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында 4,8 пайызға өсіп, 94,97 трлн юаньға (13,33 трлн доллар) жетті. Бұл өсім әлемдегі екінші ірі экономиканың оң және тұрақты өсу қарқынын сақтап отырғанын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар