Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ - Тоқаев

Қазақстан - Қытай
Фото: akorda.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Ең алдымен шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін қадірлі досым Си Цзиньпинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы сапарыңыз қазақ-қытай жылнамасындағы айтулы әрі тарихи оқиға. Оған қоса бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген сіздің ниетіңіздің айқын көрінісі деп білемін. Мен бұл игі ұмтылысты толықтай қолдаймын. Қытай - біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл біздің елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ежелден екі елдің халықтары арасында өзара қолдау негізіндегі тығыз сауда және гуманитарлық байланыстар белсенді дамып келгенін баса айтты.

«Халықтарымыз Ұлы Жібек жолы бастау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастырған. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ. Ешқандай тосқауылдар қойған емес. Жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым тығыз байланыста және достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала да бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Бір сөзбен біз осы сара жолды міндетті түрде жалғастырамыз. Халықтарымыздың арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты бекемдей береміз. Бүгінгі келіссөз нәтижесі соның айқын дәлелі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram