Қартаюды баяулатуы мүмкін: қытай ғалымдары 55 белсенді затты анықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Дәстүрлі қытай шөп қоспасы гипертониямен күресуге және қантамырлардың қартаюын баяулату арқылы ішкі ағзаларды зақымданудан қорғауға көмектеседі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Қытай ғалымдары шөп қоспасының қантамырлардың қартаюын баяулататынын анықтады
Фото: Kazinform/ЖИ

Мұндай қорытындыға Қытай медицина ғылымдары академиясының зерттеушілері зертханалық сынақтар нәтижесінде келді.

Зерттеу барысында ғалымдар женьшень, саньци және чуаньсюн өсімдіктерінен дайындалған қайнатпаның құрамын зерттеді. Оның құрамынан ағзадағы қабыну үдерістері мен жасушалардың қартаюын бақылауға жауап беретін ерекше ақуыз рецепторына әсер ететін 55 белсенді зат анықталды.

Гипертониямен ауыратын зертханалық егеуқұйрықтарға жүргізілген тәжірибе төрт ай бойы экстракт қабылдау қан қысымын төмендететінін, жүрек пен бүйректің зақымдануын азайтатынын, тіндердің фиброзын баяулататынын және ми нейрондарының жоғалуына жол бермейтінін көрсетті.

Frontiers in Pharmacology журналында жарияланған зерттеу авторлары алынған нәтижелер фитотерапияның тиімділігін растап, препаратты клиникалық сынақтан өткізуге ғылыми негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Бұған дейін Қытайда адам өмірін 120 жасқа дейін ұзартуға арналған таблеткалар әзірленіп жатқаны хабарланған еді.