Қытай ғалымдары ядролық оптикалық сағат жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай ғалымдары әлемде алғаш рет ядролық оптикалық сағат жасап, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етті.
Осылайша олар дәл кванттық өлшеу саласын атом ядросы деңгейіне дейін кеңейтті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Xinhua агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Құрылғыны жасау үшін Цинхуа университеті мен Бейжің кванттық ақпарат институтының мамандар тобы доцент Дин Шицянның жетекшілігімен толқын ұзындығы 148 нанометр болатын үздіксіз вакуумдық ультракүлгін лазер әзірледі. Сонымен қатар олар торий-229 қосылған кальций фторидінің кристалын жасап шығарды.
Диннің айтуынша, жаңа сағаттардың жиілік тұрақтылығы осыған ұқсас жобамен айналысқан еуропалық зерттеушілердің нәтижесінен шамамен он есеге жоғары болған.
— Ядролық оптикалық сағат уақыт пен жиіліктің жаңа буын эталонына айналады. Оның сәтті жасалуы осы ғасырдағы кванттық дәл өлшеу саласындағы ірі жетістік болды, — деді Цинхуа университеті физика кафедрасының меңгерушісі Чжай Хуэй.
Қатты денелі ядролық сағаттың жасалуы оны болашақта ықшамдап, спутниктік навигацияда, сондай-ақ алыс ғарышты зерттеуде қолдануға технологиялық негіз қалайды.
Бұған дейін Қытай атом құпиясын зерттеу үшін әлемдегі ең қуатты бөлшектер үдеткішін іске қосқаны хабарланған болатын.