Қытай инвестициясына салынатын жел мен күн электр стансаларының тарифі жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Қытай инвестициясына 3 жел электр, бір күн электр стансасын салуды көздейтін келісімнің жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

— Келісім жаңартылатын энергия секторын дамытуға, энергетикалық қауіпсіздікке жәрдемдесуге және көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға бағытталған. Ол жалпы қуаты 1,5 ГВт үш жел электр станциясын және қуаты 0,3 ГВт бір күн электр станциясын салуды көздейді. Жаңа нысандардың жалпы қуаты 1,8 ГВт құрайды. Жобалар Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында іске асырылады, — деп жазылған құжаттың баспасөз-релизінде.
Министрлік мамандары аталған жобалардан мынандай нәтижелер күтіп отыр:
• Қазақстанның энергия балансындағы ЖЭК үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін ұлғайту;
• Жыл сайынғы негізде көмірқышқыл газы шығарындыларын (CO₂) азайту;
• Жұмыс орындарын құру: 100-ге дейін тұрақты және 1500-ге дейін уақытша;
• Шамамен 2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту;
• Жыл сайын 5,7 млрд кВтсағ таза энергия өндіру.
Сондай-ақ, құжаттарда әр стансадан 25 жыл бойы сатып алынатын электр қуатының алдын ала тарифі де көрсетілген.
China Power International Holding Limited және China Energy Overseas Investment Co., Ltd. компаниялары инвестиция салатын 500 МВт-тық үш жел электр стансасынан сатып алынатын 1 КВт/сағ электр қуатының индикативті бағасы 4,25 цент болып белгіленсе, 300 МВт-тық күн электр стансасының алдын ала тарифі 1 КВт/сағ электр қуаты үшін 5,63 цент болып белгіленбек.
Ашық талқылаудан кейін осы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіледі.
Еске салсақ, 2019 жылы «China Power International Holding Ltd» компаниясы «Жаңатас» ЖЭС-ін салуға 130 миллион доллар инвестиция салған болатын.