Қытай Каспий арқылы жүк тасымалдау көлемін 14 есе өсірген
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Каспийдың транзиттік әлеуетіне көбірек арқа сүйей бастады. Бұл туралы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалы 63% өсіп, 2,5 млн тоннаға жетті. Қытай транзитінің 14 еседен артық өсуі байқалады», - деді комитет басшысы.
Ресми статистика бойынша, Қытай 2024 жылдың 7 айында Каспий арқылы 14,9 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент – ред.) болған. 2023 жылдың 7 айын бұл көрсеткіш 1 мың ғана еді.
«Жыл сайын осы бағыттағы жүктердің номенклатурасы кеңейіп келеді. Биыл біз Ақтау және Құрық порттары арқылы 8 млн тонна жүкті тиеп ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Транскаспий маршруты арқылы 4,2 млн тонна жүк жөнелту көзделген», - деді Қасым Тілепов.